Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың қызметіне кіріскеніне 100 күн толды. Осы уақыт ішінде біраз жаңа бастамалар көтергенімен, оның көбі бұрын жасалған жобалардан ерекшелене қоймады.
Қызметін қалай атқарғаны туралы айтпас бұрын, экономикасы көбіне сыртқы факторларға тәуелді Қазақстанда жолыңыздың болып кетуі маңызды роль ойнайтын еске сала кетейік. Бұған келгенде 9 қыркүйекте премьер-министр болып тағайындалған Бақытжан Сағынтаевтың ешкімге реніші жоқ шығар. Себебі, министр мұнай бағасының ақырын көтеріліп келе жатқан сәтіне дөп түсті. Бұл туралы премьердің өзі де «мемлекет қазынасына түсетін қаражаттың 45 пайызы мұнайдан түсіп жатыр» деп бірнеше рет мәлімдеген еді. Кейін парламенттегі жиындардың тағы бірінде «бюджетті қанша жоспарласақ та, барлығы мұнай мен доллар курсына байланысты» деген. Бақытжан Сағынтаевты шынында да жолы болғыш адам деп айтуға болады. Оның кезінде мұнай бағасы біраз уақыттан бері өзгермеген шамадан – барреліне 43 доллардан 57 долларға дейін, яғни 33 пайызға артты. Мұндай тосын өзгеріс соңғы рет қашан болғанын болжау қиын. Осылайша, мұнай бағасы 1 доллар 188 теңге тұрған 2015 жылғы шілдедегі шамаға келіп тоқтады. Дегенмен, Сағынтаевтың кезінде теңге курсы шамалы ғана нығайды: долларына 337 теңгеден 330-ға түсіп, 2 пайызға ғана күшейді. Бірақ соңғы онжылдықта сәтсіздіктің символына айналып үлгерген «Қашаған» кен орны – қызметтен кеткен премьерлер жұмысының көрсеткіші де болып жүр еді. Бұған келгенде Сағынтаев мырзаның айы оңынан туып, 2013 жылы жұмысын бастау керек болған кен орны мұнай өндірісін Бақытжан мырзаның тұсында бастап кетті. Тіпті сарапшылардың кейбірі Бақытжан Сағынтаевты «Қазақстанның 2016 жылғы жеңісі» деп те бағалады. Экономист Қасымхан Қаппаров «тағайындалған премьер-министрдің өңірлерді басқаруда тәжірибесі көп. Осының арқасында үкімет Ұлттық қордан ақша алу арқылы ел экономикасын қалыпты деңгейді ұстап тұрды» деді. [caption id="attachment_56563" align="alignnone" width="1000"] Фото: forbes.kz[/caption]Жабулы қазан
Үкіметтің өз жұмысына қатысты айтсақ. Сарапшылар «Сағынтаев үкіметтің бұған дейінгі министрлер кабинетінің әлеуметтік-экономикалық саясатын жалғастырады» деп болжаған еді. Олар қателескен жоқ. Өзгерістерге үміт көп болғанымен, бәрі сол күйінде қалды. Үкімет басшысы қызметіне кіріскеннен бастап-ақ, әкімдердің базарларға барып, баға бақылауын популизм деп сөккені, жалпы Сағынтаевтың сол секілді сыни сөздері министрлер кабинеті жинының «сәніне» айналып кетті. Осыған байланысты, нақты әрекет етіп, бағаны заңсыз көтерумен күресудің басқа амалдарын қарастыруды тапсырды. 100 күн өтпей жатып-ақ, министрлер жаңа шешу жолдарын ұсынды, бірақ оның ешқайсы, турасын айтқанда, жаңа деуге келмейді. Барлығы бұған дейін қабылданған, бірақ еш нәтиже бермеген нарықты қалыпқа келтіретін қорлар ашу, тауар айналымын реттеу, бағаны қоғамдық бақылау секілді бір механизмнің айналасындағы жобалар ғана болды. Ақыр аяғында премьер-министр мұның нүктесін өзі қойды да, бұған жергілікті атқарушы органдарды жауапты етіп, «базарға барғысы келгендерге «батасын берді». Сондай-ақ, Сағынтаев Ұлттық қордың қаржысын үнемдеп жаратуды тапсырып, бюджеттің толық әрі сапалы орындалуын міндеттеді. Бірақ, ресми деректер бойынша, 2017 жылы республикалық бюджетте шығын көлемі тағы да 518 млрд теңгеге артқан. Ұлттық қордан көзделген трансферт 312 млрд теңгеге қысқарғанмен, кепілдендірілген сомма 400 млрд теңгеге артқан. Осылайша, біз Ұлттық қордан бұрынғыдай ақшаны әлі де көп ала береміз, бұл жерде де барлық салалардағыдай ештеңе де, өкінішке қарай, өзгерген жоқ.Ауру қалса да
Министрлер кабинеті ауысқанымен, жаңа мемлекеттік бағдарламалар қабылдайтын ескі әдет әлі де қалған жоқ. Осы 100 күннің ішінде бұған дейінгі бағдарламалардың күшін жойған маңызды құжаттар қабылданып үлгерді. Мысалы, ауыл шаруашылығы кешенін дамытуға бағытталған тағы бір бағдарлама уақытынан бұрын тоқтап жатыр. «Агробизнес-2020» бағдарламасының орнына мемлекеттік қолдау формасы өзгерген, экспортқа тауар шығаруға басымдық беретін 2017-2022 жылдарға арналған жаңа бағдарлама қабылданды. Тұрғын-үй құрылысы бағдарламасының да жаңа «Нұрлы жер» деп аталатын нұсқасы таныстырылды. Оның басты ерекшелегі жеке тұрғын үй салу болғанымен, нақты механизмі бұған дейінгі жобалардан ерекшеленбейді. «Жұмыспен қамту жол картасын» да өнімді еңбек пен бұқаралық кәсіпкерлікке бағыттайтын бағдарлама етіп түрлендіргенмен, онда да қолда бар құралдарды дамытуға ғана тырысқанын байқаймыз. Турасын айтқанда, қазір қайта құрылымдау кезеңі емес, сынықты сылау саясаты ғана жүріп жатыр. Министрлер кабинетінің бұлай істеуіне де ыңғайлы жағдай жасалған. Экономикаға біраз салмақ салып келген сыртқы факторлар әлсіреді де, шығындарды азайту қажеттілігін түсіп, ЖІӨ-нің ақырын болса да алға жылжуына септесті. Дегенмен, экономиканы басқару жүйесін өзгертетін шешімдер қабылдау қажеттілігі әлі де бар. Себебі, сарапшылар біздің экономикада шешілмеген құрылымдық мәселелер қалыптасып қалғанын айтады. Бұл премьердің миссиясын мұра ретінде алған министр болып қалмай, жаңашылығымен есте қалуға мүдделі премьер Бақытжан Сағынтаевтың өзіне де қажет болып отырған шаруа екені даусыз.Похожие материалы
Новости
Экономика
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024