Қазақстанда 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптық Доктринасы әзірленетін болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Париж келісімінің мақсаттарына және Қазақстанның көміртегіне бейтараптығына қол жеткізу жолдары» атты халықаралық конференцияда осылай деп мәлімдеді.
Бұл шараға БҰҰ жоғары лауазымды тұлғалары, халықаралық сарапшылар, азаматтық қоғам мен іскерлер қоғамдастығының, қаржы институттарының өкілдері, даму жөніндегі серіктестер мен БАҚ өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы атап өткеніндей: «Қазірдің өзінде Доктринадағы үлкен мақсатқа қол жеткізу үшін жүйелі күш-жігер қажет екені айқын. Бұл ретте, отын-энергетика кешенін жаңғыртуда, индустриялды және агроөнеркәсіп саясатын қайта қарауда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында, құрылыста және жалпы адамдардың өмір сүру дағдысында жаңа тәсілдер қажет».
2060 жылға қарай жаңартылатын және баламалы энергия көздері еліміздің жалпы энергия балансының 80 пайызынан астамын құрайтын болады. Көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін мемлекет, бизнес және тұтас қоғамның бірлескен күш-жігері қажет. Оның сәтті жүзеге асырылуы 1990 жылғы деңгейден 15 пайызға төмендету туралы 2030 жылға дейінгі межеге қол жеткізіп қана қоймай, 2060 жылға қарай парниктік газдың нөлдік деңгейіне жетуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде атмосфераға шығарылатын көміртегі қалдықтары 9 миллиард тоннаға дейін азаяды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мұндай үлкен мақсаттарға қол жеткізу үшін электр қуаты мен жылу өндіру секторын жаңартуға қомақты қаражат пен инвестиция тарту, парниктік газдардың қалдықтарына бөлінетін квоталарды саудалаудың ұлттық жүйесін қайта қарау, оны тиісті халықаралық жүйелерге сәйкестендіру қажет.
«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма Төрағасы Алмасадам Сәтқалиев өз баяндамасында болжамды тепе-теңдікті әзірлеу кезінде экономикадағы деиндустриализация үрдістеріне жол бермеу керектігіне ерекше тоқталды. 2060 жылға қарай Қазақстандағы энерготұтыну көлемі 2-3 есеге артуы ықтимал. Бұл сұранысты қанағаттандыру үшін жаңартылатын қуат көздерін, смарт-грид технологияларын және өндірілген қуатты жинақтап, сақтау жүйелерін дамыту қажет.
Жаңартылатын қуат көздерінің ерекшеліктерін және газ қоры шектеулі екенін ескерсек, көмір жағуға балама ретінде атом электрстансаларын қарастыру қажет. Технологиялардың даму деңгейін, қаупсіздіктің арта түсуін және әлеуметтік құнын есепке алғанда атом энергиясы энергетикалық проблемаларды шешудегі маңызды рольге ие болады.
Алмасадам Сәтқалиев энергоауысуға ынталандыру шаралары аясында «Самұрық-Қазына» Қоры бірқатар жобаларды іске асыруды жоспарлап отырғанын жеткізді. Соның ішінде:
• Бірнеше қалалардың ЖЭО көмірден газға ауыстыру
• Жаңартылатын қуат көздерін дамыту
• "Ақылды" желілер технологияларын қолданып, өндірілген қуатты жинақтап, сақтау жүйелерін енгізу
• Көміртек қалдықтарын аулап, сақтау тәсілдерін дамыту
• Сутек және геотермалды энергетиканы пайдалану
• Атом электрстансасын іске қосу
• "Таза" көмір технологиялары негізіндегі эксперименталды станса салу
Конференцияда сонымен қатар БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі Мирьяна Сполярич Эггер, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Пулитцер сыйлығының лауреаты Дэниела Эргина, ЕҚДБ «жасыл» экономика мен климаттық қызметтің басқарушы директоры Гарри Бойд-Карпентер, ЭЫДҰ қоршаған орта басқармасының директоры Рудольфо Лэси сөз сөйледі. АҚШ Президентінің климат мәселелері жөніндегі арнаулы өкілі Джон Керри жиынға қатысушыларға бейнеүндеу жасады.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024