«Самұрық-Қазына» сатып алу жүйесін бәсекелі ортаға беру арқылы 13 мың шағын бизнесті қолдады – Ахметжан Есімов
Нұр-Сұлтан қаласында отандық кәсіпкерлер мен тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған алғашқы «Samruk Business Forum» атты ауқымды бизнес-форум өтті.
Бір айта кетерлігі, форум аясында елімізге келіп жатқан импортты таураларды алмастыруға әлеуеті жететін тауар өндірушілердің үлкен көрмесі өтті. «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компаниялар Премьер-министр Асқар Мамин мен Қор Төрағасы Ахметжан Есімовке өздері өндіріп отырған өнеркәсіптік тауарлардың сан түрін таныстырды. Сондай тауарлар арасында өндірістік киім, қосалқы бөлшектер, жаңа инновациялық технологиялар бар.
Жалпы, 200-ден астам кәсіпорын өкілдері жиналған форумда Қазақстанның өнеркәсібін дамыту, отандық тауар өндірушілерге оффтейк келісімшарттар арқылы қолдау көрсету, бір сөзбен айтсақ, Қазақстанның жаңа өнеркәсіптік дамуын қалыптастыруға бет алған «Самұрық-Қазына» қорының өзге де шаралары талқыланды. «Самұрық-Қазына» қорының төрағасы Ахметжан Есімовтің айтуынша, отандық өнеркәсіп импорттан арылып, өз өндірісімізді шығаруды қолға алғанда, өз нарығымызды өзіміз толтырғанда ғана терең тыныс ала алады.
«Осы мақсатқа жету үшін 2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдайға сәйкес, Қордың сатып алу құрылымына талдау жасадық. Ол талдау сатып алулардың басым бөлігі, яғни, 90% бір көзден сатып алуға жататынын көрсетті. Оның ішінде тапсырыс беруші де, жеткізуші де Қордың компаниялар тобына қарасты компаниялар екені белгілі болды. Бұл дегеніміз 4,5 мыңнан астам позиция. Осылайша, бәсекелі орта болған жоқ. Сондықтан, осы сатып алулардың тиімділігін зерттей келе, екі жылда олардың санын 22 есеге, яғни, 4500-ден 198-ге дейін қысқарттық. Осының арқасында 650 млрд теңге көлеміндегі сатып алулар бәсекелі ортаға берілді. Сатып алу жүйесін бәсекелі ортаға берудің арқасында 13 мыңнан аса шағын бизнес субьектілері тапсырыс алды», - дейді Ахметжан Есімов.
Ахметжан Есімов атап өткендей, импорт тауарларды алмастыру үшін, солай бола тұра, қазақстандық бизнес ертеңгі күніне сенімді болу үшін «Самұрық-Қазына» компаниясы ұзақмерімді келісімшарттарды кепілге ұсынып отыр.
«Біздің тауар өндірушілермен оффтейк келісімшарттар жасау жобасын іске асыруды қолға алдық. 2018 жылы біздің компанияларда сұранысқа ие импорт тауарларға тізім жасалды. Сондай тауарлардың тізімі бойынша соңғы үш жылда келген импорт көлемі 500 млрд теңгені құраған. Сондықтан, біз бизнес қауымдастыққа осы таураларды Қазақстанда өндіруге мүмкіндік беріп, оларға ұзақмерімді келісімшарттарды кепіл еттік. 2018 жылы осындай оффтейк келісімшарт бойынша 2 жоба, ал, 2019 жылы 25 жоба мақұлданды. Біз сондай-ақ, импортты алмастыруға болатын тауарлар туралы ақпарат тараттық. Жақын арада бізге бизнесмендерден өтініш келе бастайды деген үміт бар. Бұл өз кезегінде ішкі инвестицияны дамытуды ынталандырады», - дейді Ахметжан Есімов.
Бұл ретте, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин екінші деңгейлі банктерді осы бастаманы қолдауға шақырды.
«Жыл сайын 4 трлн теңгеден астам қаражатқа сатып алу жүргізетін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры Қазақстан экономикасының дамуына зор ықпал тигізіп отырған компания. Қор импортты алмастыратын кәсіпорындар үшін жаңа серпіліс болатын 3350 тауарлы позицияны анықтады. Қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған 180 кәсіпорын инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға үлкен мүдде танытып отыр. Дегенмен, біз осы жобаларды әзірлеуге мұқият талдау жүргізуіміз керек», - деді ол.
Үкімет басшысы баға бергендей, «Самұрық-Қазына» қорының әрбір еншілес компаниясының ауғымы кең, тіпті кейде өзі орналасқан аймақтағы негізгі кәсіпорынның бірі болып саналады.
«Үкімет өңдеуші өнеркәсіптегі отандық өндірістің әлеуетін дамыту жөнінде жоспарлы жұмыстар жүргізіп отырады. Бұл бағытта ұзақмерімді келісімшарттар құрылып, тиімді жұмыс істеп тұр. Инвестиция көлемі 915 млрд теңгені құрайтын және 2 мыңнан аса жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін жаңа кәсіпорындар құру жөнінде 27 оффтейк келісімшарт жасалып үлгерді», - дейді Асқар Мамин.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024