Сапарбаев аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетудің жаңа тәртібін атады
Алматы. 1 наурыз. 7kun.kz – Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмаларын орындау шаралары туралы баяндады.
Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға жаңа тәртіп бойынша атаулы қолдау көрсету халықтың әл-ауқатын жақсартуға тиімді әсер етеді, деп хабарлайды primeminister.kz.
Бірінші. Күн көрісі төмен, оның ішінде көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту және қамтуды кеңейту.
Б. Сапарбаевтың айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек көрсету өлшемдері 2019 жылғы 1 шілдеден бастап 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге дейін ұлғаяды. Егер осыған дейін аталған шаралармен 571 мың адам қамтылған болса, қазіргі таңда ол 830 мыңнан астам адамды құрайды.
Төрт баласы және бір асыраушысы бар отбасыны мысалға алып қарайтын болсақ, 1 шілдеге дейін отбасы 63 мың тг көлемінде атаулы көмек алып келсе, 1 шілдеден бастап бұл сома 40 мың теңгеге өсіп, 103 945 тг құрайды. Қосымша төлемдерді есепке алғанда аталған отбасының айлық табысы 114 448 тг тең болады.
Атаулы әлеуметтік көмек тағайындаған кезде отбасының жиынтық табысынан көпбалалы отбасыларға және «Күміс алқа» және «Алтын алқа» төс белгілерімен марапатталған көп балалы аналарға мемлекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ балаларға арналған мүгедектігі бойынша жәрдемақылар, стипендия алып тасталады.
Сонымен қатар, аз қамтылған отбасылардың балаларына (18 жасқа дейін, оқыған жағдайда — 23 жасқа дейін) ай сайын 20 789 теңге кепілдендірілген көмек төленетін болады. Бұл қазіргі көмектің мөлшерінен орташа есеппен 40%-ға көп.
Б. Сапарбаев сұратылатын құжаттарды оңтайландыру арқылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау рәсімін жеңілдету көзделгенін айтты. Осылайша, ақпараттық жүйелерде мәліметтер болмаған жағдайда халықты жұмыспен қамту орталықтары немесе ауылдық округтердің және кенттердің әкімдері тиісті мемлекеттік органдардан қажетті құжаттарды сұратады. Бұл үшін «Е-халық» ақпарат жүйесі пайдаланылатын болады.
Екінші. Өңірлердің әлеуметтік карталарын әзірлеу.
Еңбек министрінің пікірінше, өңірлерде электронды әлеуметтік карталар дайындау қажет. Олар кімге шынымен көмек қажет екенін көру үшін, әрбір отбасының қажеттілігін, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын бағалауды қарастыратын болады.
Үшінші. Әлеуметтік қызметтер мен қолдау шараларының бірыңғай пакетін енгізу (оқушыларды тегін ыстық тамақпен, жеңілдікті жол жүру ақысымен қамтамасыз ету және т.б).
Төртінші. Мүгедектігі бар балаларға және 18 жастан асқан бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерге күтім жасайтын отбасыларды әлеуметтік қорғауды күшейту.
«Жәрдемақылар мөлшерін 2019 жылғы 1 шілдеден бастап 31 183 теңгеден 41 578 теңгеге дейін ұлғайту жоспарда бар. Бұл шарамен мүгедектігі бар балаларға және 18 жастан асқан бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерге күтімді көрсететін кем дегенде 100 мың азамат қамтылады», — деп нақтылады Б. Сапарбаев.
Бесінші. Толық емес көпбалалы отбасылар үшін үйде жұмыс істеуге жағдай жасау, ал ауылдағы көпбалалы отбасылар үшін гранттарға және шағын несиелерге қосымша квота бөлу.
Ауылдардағы көпбалалы отбасыларды жұмыспен қамту, отбасы бизнесін ашу, табыстарын арттыру үшін қайтарылмайтын негізге 505 мың теңге (200 АЕК) жаңа бизнес ашу үшін мемлекеттік гранттар беру көзделген. 10 мың адам қамтылады. Сондай-ақ, ауылдардағы көпбалалы отбасылар мен мүмкіндіктері шектеулі жандар қатарынан кәсіпкерлерге 20 млн тг дейін (8000 АЕК) шағын несиелер бөлу көзделген. Кем дегенде 5 мың адам қамтылады.
Ауылдардағы көпбалалы аз қамтылған отбасылар үшін сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді оқыту ұйымдастырылады, жұмыстардың жекелеген түрлері бойынша үйде әлеуметтік жұмыс орындары ашылады (киім тігу, нан пісіру және т.б.).
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024