Сапарбаев зейнетақы жинақтарындағы ақшаны пайдалану мүмкіндігін түсіндірді
Алматы. 25 желтоқсан. 7kun.kz - Қазақстан Үкіметі таяу күндері ел Президентіне салымшылардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) қаражатын тұрғын үй сатып алу, емдеу және оқыту үшін пайдалануы бойынша өз ұсыныстарын жібереді, деп хабарлады Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз мәслихатында вице-премьер Бердібек Сапарбаев.
"Үкімет жанынан жұмыс тобы құрылды, біз қазір оны пысықтадық. (…) Бірнеше күннен кейін өз ұсыныстарымызды Президент Әкімшілігіне береміз. Президент шешім қабылдайды", - деді ол.
Бұл ретте Бердібек Сапарбаев зейнетақы қаражатын барлық адам емес, қажетті соманы жинағандар ғана пайдалана алатынын атап өтті.
"Шешім есеп-қисаптарға сүйене отырып қабылданады - бүгінгі таңда қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы мен жинақтар сомасының мөлшеріне байланысты. Мен бұған дейін айтқанмын - 75 жыл. Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу жұмыста болған үзілістерге қарамастан, қатарынан кез келген 3 жыл жұмыс үшін орташа айлық табыс негізге алына отырып, 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асырылады. Зейнетке шыққаннан кейін қазақстандықтар қанша жыл өмір сүретінін есептедік. Яғни, салымшыларға өз шоттарында қанша жылға дйеін ақша жинақтауы анықталды. Қандай да бір сома, ең аз дегенде 40%, қалуы керек. Осыны ескере отырып, тұрғын үй сатып алуға, емделуге және оқуға арналған жинақтарды жұмсау анықталады", - деп түсіндірді Бердібек Сапарбаев.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда БЖЗҚ-да 10 трлн теңге жинақталған. Орташа есеппен бір салымшыға 1 млн теңгеден келеді.
"Зейнетке шыққаннан кейін жақсы өмір сүру үшін біздің есептеуіміз бойынша кем дегенде 11-12 млн теңге жинау қажет", - деп толықтырды ол.
Еске сала кетейік, 2019 жылдың қыркүйек айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында үкіметке тұрғын үй сатып алуға немесе білім алуға зейнетақы жинақтарын пайдалануға мүмкіндік жасауды тапсырды.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024