Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Сарапшы: Әлемдік дағдарыс Қазақстан құрылысына қажет менеджмент жүйесін үйретті

Сарапшы: Әлемдік дағдарыс Қазақстан құрылысына қажет менеджмент жүйесін үйретті
"Әлемдік экономикалық дағдарыстың Қазақстан экономикасына әсері құрылыс саласында жаңа бағыттың дамуына жол ашты!"  Қызылорда облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Майра Барақбаева осындай пікір білдірді, деп жазады Bnews.kz. «Әлемді жайлаған дағдарысқа қарамастан, құрылыс саласындағы қызу жұмыс, мектептер мен балабақшалар, мәдени нысандар тұрғызу ісі еш тоқтаған жоқ. Мемлекет қазынасынан бұрынғыға қарағанда аз бөлінетін қаражат та құрылысшылардың аяғына тұсау болмады. Керісінше, біз қысылтаяң уақытта жұмыстың қазіргі заманғы бағытын меңгеріп, оның мүмкіндіктерін барынша белсенді пайдалануға үйрендік. Халықты баспанамен қамтамасыз етуде, апатты ғимараттардың орнына жаңасын салып, музейлер мен кітапханалар тұрғызуда менеджментке арқа сүйейміз», - дейді Барақбаева. Бұл тұста мемлекеттік-жекеменшік серіктестік «жаңаша» жұмыстың айқын мысалы бола алады. «Айталық, егер аурухана құрылысына өңірдің шама-шарқы келмей жатса, онда бұл жобаны Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында қарастыруға болады. Немесе, апатты мектептердің орнына бірден бірнеше ғимарат салу қажеттілігі туындаса, біз ірі қаржылық институттармен келіссөздер жүргіземіз. Яғни қаражатты осы бағыт бойынша алуға тырысамыз», - дейді Майра Барақбаева. Тұрғын үй құрылысына тоқталсақ, мемлекеттік қызметкердің пікірінше, бұл сала әлемдік дағдарысқа өзгелерге қарағанда әлдеқайда жылдам «бейімделді». «Бір байқағаным, бұл салада өңірлер құрылыстың индустриялдық әдісіне біртіндеп көшіп жатыр. Баспананы тез, сапалы әрі сәнді етіп салып беретін үй құрылысы комбинаттары ашылуда. Қызылорда облысы мен «ҚИК» АҚ- арасында орнаған ынтымақтастық табысты дамып келеді: биыл 78 мың шаршы метрге тарта тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жекеменшік инвесторлармен жұмыс жүргізілуде, мемлекеттік бағдарламалар аясында үйлер бой көтеріп жатыр. Әлемдік дағдарысқа қарамастан тұрғын үй құрылысындағы көлем өсіп келеді»,- деген пікірімен бөлісті ол.
   

Похожие материалы