Алматы. 4 шілде. 7kun.kz — ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында еліміздің шалғай аудандарында тұратын қазақстандықтардың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу шаралары туралы айтты. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
"Президенттің халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын реформалау жөніндегі тапсырмасы бар. Мысалы, шалғай ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында мобильді жұмыспен қамту орталықтары құрылады. Бұл мақсатқа 381 млн теңге бөлу жоспарлануда", - деді министр.
Оның айтуынша, "Еңбек" бағдарламасы аясында көп балалы, аз қамтылған отбасы балаларын, мүгедектігі бар тұлғаларды оқытуға, жұмысқа орналастыруға және қолдауға ерекше назар аударылады.
Жастар жылының шеңберінде жастардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге бағытталған «Жас маман» және «Жас кәсіпкер» жобаларын іске асыру басталды. Үш жыл бойы ең қажетті мамандықтар бойынша 200 мың жас маман даярлау жоспарланып отыр.
"Жастар тәжірибесімен қамту жоспары кеңейтілді. 2019 жылы біз қосымша 10 мың адамды жібереміз, бұл 25 мың жасты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді", - деп толықтырды Б. Сапарбаев.
Сондай-ақ, оқыту бойынша шаралар күшейтіледі. Қысқа мерзімді курстармен биылғы жылы 100 мың қазақстандық қамтылады, "Бастау Бизнес" кәсіпкерлік негіздерін 75 мың адам оқиды.
Бұдан басқа, ағымдағы жылы қосымша 28,3 мың адамды тегін гранттармен, 5 мың адамды жеңілдетілген микрокредиттермен қамту жоспарлануда. Осылайша, 57 мыңнан астам қазақстандық өз ісін ашуға немесе кеңейтуге мүмкіндік алады. Бұл ретте қосымша қаражаттың 70%-ы ауылдық жерлерге жіберіледі.
"Бағдарламаның басты мақсаты - тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру. Бұл жұмыс "Атмамекен" ҰКП-мен бірлесіп жалғасады", - деп қортындылады министр.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024