Ресейлік РИА Новости бүгін Бельгия мен Франция арасында «Қазақгейт» үшін мемлекетаралық саяси жанжал туды деп жазды. Даудың басы екі ел билігіндегі шенеуніктердің қазақстандық бизнесмен Патох Шодиевке қарсы Бельгияда қозғалған қылмыстық айыптауларды шешуге қатысы барынан шығып отыр.
Айта кетейік, 2010-11 жылдары Шодиевке Бельгияда жемқорлық ісі бойынша айып тағылған еді. Бельгиялық Soir мен франциялық Mediapart порталының жазуына қарағанда 2011 жылы Бельгия Сенатының төрағасы болған, қазір Уккль коммунасының бургмистрі Арманд Де Деккер Бельгияның сол кездегі Әділет министріне Шодиевтен жемқорлыққа қатысты айыптауды алып тастауды талап еткен. Нәтижесінде бұл талап орындалған.
Де Деккер бұл талапты Франциялық шенеуніктердің «өтінішімен» жасаған және заңгер ретінде «350 сағаттық кеңесі» үшін 740 мың еуро сыйақы алған.
Ал Францияға бұл не үшін қажет болды?
Сол кезде Франция үкіметі Қазақстанға 45 Eurocopter тікұшағын сату туралы келіссөз жүргізіп жатқан.
Франциялық БАҚ-ның жазуынша Шодиевтің Қазақстан билігімен байланысы болғандықтан бұл іске көмек көрсету мүмкіндігі болған. Сондықтан экс-президент Николья Саркози әкімшілігінің жетекшісі, ІІМ бұрынғы басшысы Клод Геан Де Деккерден Шодиевтан айыптауды алып тастауды сұрап, сыйақы ұсынған.
Бүгін бельгиялық журнал Vif аталған мәселеде экс-президент Николья Саркози әкімшілігінің жетекшісі, ІІМ бұрынғы басшысы Клод Геанның шешуші рөл атқарғаны туралы жазды. Vif ұсынған құжаттардың ішінде Геанның дипломатиялық кеңесші Дабьен Лорға жазған хаты жүр.
Онда министр мәселені шешуге француз тарапына Бельгия Сенатының төрағасы болған, қазір Уккль коммунасының бургмистрі Арманд Де Деккер үлкен көмек көрсеткенін жазған. Геанның жазуынша Де Деккер мен командасы Франция мүддесі үшін үлкен жұмыс атқарған.
Осы құжат жарияланғаннан кейін Бельгияда Де Деккерді шет мемлекеттердің мүддесін қорғаушы болды деген күдік қолана түсті. Шодиев мәселесінде оны шешуші рөл атқарды деген БАҚ-ы, бұл іске Бельгияның сол кездегі Қаржы министрі, қазіргі СІМ Дидье Рейндерстің де қатысы бар деп жазуда. Өз кезегінде екі шенеунік те «Қазақгейтке» қатысымыз жоқ деп отыр.
Айта кетейік, 2016 жылы бұл істі тексеру үшін Бельгия үкіметі арнайы комиссия құрған еді. Сәрсенбіде Клод Геан аталған комиссияның сұрақтарына жауап берді. Ол қазіргі кезде қаржы жымқырғаны үшін түрмеде отырғаны белгілі. Екі елдің шенеуніктерінің басы шатылған дауға Бельгия Премьері Шарль Мишель де араласып, бұл іске байланысты толық айқындықты талап етті.
Қазақстандық миллиардер Патох Шодиев 1997 жылдан бастап Бельгия азаматы. Елдегі ең бай азаматтар тізімінде екінші тұр. Биылғы жылдың сәуірінде оның соңғы 14 жылда 25 офшорлық компанияның бенефициары болғаны анықталды.
Тэги:
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024