Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Шындыққа жанаспайды: Әскерде қысым көрдім деген қыздың оқиғасына қатысты министрлік мәлімдеме жасады

Шындыққа жанаспайды: Әскерде қысым көрдім деген қыздың оқиғасына қатысты министрлік мәлімдеме жасады

Нұр-Сұлтан. 12 тамыз. 7kun.kz – Әлеуметтік желілерде бұрын әскери қызметте болған Айғаным Елшібаева командир мен офицерлерді айыптаған еді. ҚР Қорғаныс министрлігі комиссия құрып, болған оқиғаны зерттеуге кіріскенін мәлімдеген. Бүгін министрлік тексеріс қорытындысын жариялады, деп хабарлайды 7kun.kz.

«Қорғаныс министрлігінің комиссиясы азаматша Елшібаеваның айтқан тұжырымы мен айғақтарын қайтадан мұқият зерделеді. Комиссияның жан-жақты тексерісі нәтижесінде Елшібаеваның арызында көрсетілген деректер құжатпен расталмағанын және шындыққа жанаспайтынын анықтады», – делінген хабарламада.

Министрліктің хабарлауынша, 6 мамырда Қонаев гарнизонының Әскери полиция бөлімі аталған әскери қызметшінің жазбаша өтініші бойынша тексеру жұмыстарын жүргізген.

«Батальонның барлық жеке құрамы А.Б. Елшібаеваға қатысты 54179 әскери бөлімінің лауазымды тұлғалары тарапынан заңсыз іс-әрекет фактілерінің болғанын растамады. Жаңа комиссия жұмысының нәтижелері және Қонаев гарнизонының Әскери полиция бөлімі жинаған материалдарды қарау, сондай-ақ 54179 әскери бөлімі қызметшілерінің түсіндірмелерін талдау бойынша азаматша А.Б.Елшібаева ұсынған айыптаулар расталмады», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, экс-әскери қызметші қыз қызмет атқару барысында батальон қолбасшылығы тарапынан бірнеше мәрте ескерту алғаны және әскери бөлімнің аумағына ұялы телефонды заңсыз алып кіргені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны атп өтілді.

«Биылғы жылдың 3 мамырында аттестаттау комиссиясының шешіміне сәйкес А.Б. Елшібаева жауынгерлік даярлық бағдарламасын төмен меңгергені және тәртіпті бұзғаны үшін ҚР Қарулы күштері қатарынан теріс пиғылы бойынша шығарылды», – деді министрлікте.

Министрлік «ҚР қолданыстағы заңына сәйкес, А.Б. Елшібаева аттестаттау комиссиясының қорытындысымен келіспеген жағдайда сот органдарына жүгінуге құқылы екенін» хабарлады.

Айта кетейік, бұған дейін Айғаным Елшібаева "НеМолчиKz" қоғамдық қорына жүгініп, Қарулы Күштер қатарынан мәжбүрлі түрде босатылғанын айтқан еді.

Похожие материалы