Сіз қолма-қол ақшасыз қалдыңыз. Көше қиылысынан банкомат көресіз де, ақшаңызды шешіп аласыз. Ал бірнеше күннен кейін Кейптаундағы біреу сіздің картаңыздағы қаржыны шешіп алды деген смс келеді.
Сіз банкке хабарласасыз, картаны бұғаттайсыз, бірақ алынатын ақша алынып қойылды. Қаржыңызды қайтару үшін де ұзақ уақыт кетеді. Тіпті Кейптаун полициясына да хабарласуыңыз мүмкін.
Бұл сіздің скиммингке тап болғаныңызды білдіреді. Алаяқтар картаңыздың мәліметтерін ұрлап, оның көшірмесін жасап, ақшаны шешіп алды.
Картаның ішіндегісін ұрлау үшін оларға екі нәрсе керек: картадағы магнитті жол және ПИН-код. Бұл үшін олардың 3 құрылғысы бар.
Скиммер. Магнитті лентаны өздігінен көшіріп алатын есептегіш. Алаяқтар оны банкоматтың карта қабылдайтын бөлігіне орналастырады. Кейде скиммерді банк қызметкерлерінің өзі ажырата алмай қалады.
Жасырын камера. Алаяқтар оны банкоматқа бекітіп қояды. Кішкене камера банкоматтың пернетақтасына бағытталған, ол тұтынушының ПИН-кодын жазып алады. Камераны қауіпсіздік үшін банк қызметі де орналастыратын болғандықтан, оны алаяқтардың камерасынан ажырату - қиын шаруа.
Жапсырмалы пернетақта. Алаяқтар банкоматтағы пернетақтаның үстіне жалған пернетақта орнатады. Жапсырмалы құрылғы сіз терген сандардың ретін толығымен жазып алады, ал сіздің әрекетіңізді шынайы пернетақтаға жібереді. Кейінірек қылмыскерлер жапсырманы алып, жазбаны оқып, сіздің құпия кодыңызды біліп алады.
Скиммерден қорғану ережелері:
Картаны банкоматқа салмастан бұрып, жақсылап қарап алыңыз.
Карта қабылдаушыдағы жапсырмалар. Егер банкоматта скиммер орнатылса, карта арнайы есептегіштен өтіп, қарапайым карта қабылдаушыға барады. Карта салынып жатқан саңылауда ешқандай қосымша құрылғының жоқ екендігіне назар аударыңыз. Егер банкоматта антискиммингті қаптама болса (пластиктен жасалған құрылғы), оны орнынан қозғап көріңіз. Нағыз қаптама банкоматқа өте берік жабысқан, ал жалған қаптама орнында қозғалақтап тұрады.
Негізінде алаяқтар инспекторлардың тексерісінен қорқып, тыңшылық құрылғыларды тек бірнеше сағатқа ғана орнатады. Сондықтан қаптамаларды желім тәрізді қарапайым әдіс арқылы жапсырады. Көбінде мұндай жағдайдан кейін желімнің қалдығы тәрізді "іздер" қалып кетуі мүмкін. Карта қабылдағышын біреу бұрап, желіммен жапсырған тәрізді кейіптегі банкоматтарды барынша пайдаланбаған жөн.
Жалған панельдер және қара нүкте. Алаяқтар банкоматтың панелінің көшірмесін жасап, оларға бейнекамера енгізіп, оны банкоматқа орнатады. Банкоматтың үстін, жан-жағын толығымен қарап шығыңыз. Егер күдікті нәрсені байқасыңыз, ол жерге жақындамауға тырысыңыз. Кейде алыстан қара нүкте тәрізді көрінетін кішігірім шұңқыр көрінсе, абайлаңыз, бұл жасырын камера болуы мүмкін.
Дөңес бетті немесе түсі басқа пернетақта. Алаяқтардың пернетақталарды банкоматқа сай етіп, бояп қоюға әрдайым мүмкіндіктері бола бермейді. Түс үйлесімділігіне де мән беру керек.
Егер пернетақта сыртқы пішінінен күдік туғызып, орнынан қозғалақтап тұрса, одан әрі тексеріп көріңіз. Егер алаяқтардың әрекеті болса, жалған пернетақтаның астынан шын пернетақтаны көресіз.
Банкомат ескі, панельдері сүрілген болғанымен пернетақтасы жап-жаңа болып тұруы да қауіпті белгі. Банктер құрылғыларын банкоматтың өзімен бірге ауыстырады.
Скиммерлермен жолықпау ережелері:
Таныс емес банкоматтарға жоламау. Ақшаңызды тек бір банкоматтан шешіп алуға тырысыңыз, оның пернетақтасы мен карта қабылдағышын еске сақтап алсаңыз тіпті жақсы.
Көшедегі банкоматтарды қолданарда сақ болыңыз. Көшедегі банкоматтарға есептегіш құрылғы орнату немесе құпия кодыңызды жазып алатын бейнекамераны орнату жеңіл болады.
Қараңғы жердегі, бұрыштардағы банкоматтарды пайдалануда абай болыңыз. Банкомат ғимараттың ішінде болғанымен, оның қараңғы жерде орналасуы өте қауіпті. Таңдау жоқ болса телефонның жарығын жағып, банкоматты қарап алыңыз.
Антискиммингті қаптамалардың бар екенін тексеріңіз. Банктер де карталық алаяқтармен күрес жүргізеді. Банк қызметкерлері орнататын антискиммерлер - есептегіш құрылғының жұмысына кедергі келтіретін арнайы қорғаныс қаптамалары. Алғашқыда антискиммерлер нағыз скиммердің өзіне ұқсас болды. Адамдар шатаса бастаған соң, антискиммерлерді мөлдір пластиктен жасады, осы арқылы карта қабылдағыштың ішінде ешқандай желі мен қосымша құрылғылардың жоқ екендігін байқауға болады. Дегенмен алаяқтар бұл тәсілден де асып түсудің жолын тауып, скиммерлерді антискиммерлерге ұқсата жасай бастады. Сондықтан кез-келген уақытта пайдаланбас бұрын карта қабылдағышты орнынан қозғап, тексеріп көріңіз.
Бөлімше ішіндегі банкоматтарды қолданыңыз. Оларды жақсы күзетіп, тексереді. Бөлімшелерде бірнеше банкомат болады, олардың әрқайсысына скиммер орналастыру - алаяқтар үшін шығынды шаруа. Бірақ көп жағдайда қылмыскерлер дәл сол жерге шабуыл жасауы мүмкін, адамдарға ол жердің барлығы қауіпсіз көрінеді.
Пернетақтаға арналған "қанатшалардың" бар екендігі - жақсы белгі. Мұндай банкоматтар жалған-пернетақталардың, құпия кодты жазып алатын бейнекамераларды орнату мүмкіндігінен айырады.
Абай болыңыз: сауда орнындағы немесе кеңседегі банкомат. Скиммерлер мұндай жерлерге аса жолай қоймайды. Бірақ алаяқтардың күзетшіні де сатып алып, олар камералар арқылы ақша шешіп тұрған адамның құпия-кодын жазып алып, алаяқтарға жіберетін тәрізді оқиғалар да болған. Сондықтан пернетақтаны әрдайым қолмен жауып тұрыңыз.
Абай болыңыз:банк бөлімшесіне кірер жолдағы құлыптар. Көптеген банктердің магнитті құлыптары болады. Ол жерге магниттің таспасы бар кез-келген картаның көмегі арқылы кіруге болады. Кейде алаяқтар дәл сол құлыптарға да скиммерлер орнатады. Егер құлыпты есікке тап болсаңыз, дисконтты картаны пайдалануға тырысыңыз.
Кейде олар құлыптың сыртқы жағына құпия-код енгізуі міндетті пернетақтаны орнатады. Егер сізге қандай да бір код енгізуді сұраса, бірден бас тартыңыз. Банктер ешқашан бөлімшеге кірер жолда құпия-код енгізуді сұрамайды.
Абай болыңыздар: шетелдегі туристік аудандар. Біз саяхаттаған кезде шетелдік банкоматтардың қандай болатындығын білмейміз, ал алаяқтар осыны пайдаланады. Абай болыңыздар, әсіресе, Азия елдерінде сақтық қажет. Азиялық скиммерлер бұл бәсекеде алдарына жан салмайды.
Смс-банкинг орнатыңыз. Есепшоттағы барлық операциялар жөнінде хабарлама жіберетін бағдарлама орнатыңыз. Бірақ ақшаңызды түнде шешіп алса немесе телефоныңыз өшірулі болса, бұл сізге көмектеспейді.
Лимит орнатыңыз. Интернет-банкте қол-қол ақша беру көлемін шектеп тастаңыз. Алаяқтар бірден барлық соманы шешіп ала алмайды.
Кей мәліметтер banki.ru, tinkoff.ru сайтарынан алынды.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024