Алматы. 12 наурыз. 7kun.kz – Бүгін Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов ҚР Президентінің «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік бастамаларын іске асыру аясында қарастырылған қосымша бюджет қаражаты қандай мақсаттарға бағытталатынын айтып берді.
Министрдің мәлімдеуінше, нақтыланған бюджет бойынша қаржыландыру сәуір айында басталады.
ҚР қаржы министрі жыл сайын тұрғын үй кезегінде тұрған аз қамтылған және көп балалы отбасылар үшін қосымша сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 6 мың пәтерді іске асыру үшін 50 млрд теңгеден бөлу жоспарланып отырғанын хабарлады. Қазіргі таңда бұл кезекте тұрғын үйге мұқтаж 28,1 мың көп балалы отбасы тұр.
"Биыл бізде қабылданған бюджетте 4,8 трлн теңге немесе бюджеттің 45% әлеуметтік салаға қарастырылған, оның ішінде әлеуметтік қамту мен әлеуметтік көмек көрсетуге 3 трлн тг, денсаулық сақтауға – 1 трлн 117 млрд тг, білім беруге – 583 млрд тг, мәдениет пен спортқа – 78 млрд тг», — деді Ә. Смайылов.
Сонымен қатар, республикалық бюджетті нақтылау аясында қосымша қаражат «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шараларына бағытталатын болады, Мемлекет басшысы осы бойынша нақты тапсырмалар жүктеген. 2019 жылы барлығы 444,3 млрд теңге бағытталады.
«Бұл қаражат аясында азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік қолдау көрсетуді күшейтуге 224 млрд тг бағыттау жоспарланған, аз қамтылған көп балалы отбасылар үшін 50 млрд тг бағытталатын болады, ТҚЖБ арқылы жеңілдікпен несиелендіруге – 50 млрд тг, өңірлік инфрақұрылымды дамытуға 90 млрд тг, «Ауыл – Ел бесiгi» арнайы жобасын іске асыруға – 30 млрд тг жұмсалады», — деп түсіндірді Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары.
Жастар жылын өткізуге 24,6 млрд теңге бағытталса, 2017 және 2018 жылдардағы Президенттің Жолдауларын іске асыруға 286 млрд теңге жұмсалады.
«Әлеуметтік қолдауға бағытталған 224 млрд теңгеге келсек, 2019 жылы тек атаулы әлеуметтік көмек үшін 49,6 млрд тг, 2020 жылы – 115 млрд тг, 2021 жылы – 108 млрд теңге жұмсалады. Мүгедектігі бойынша жәрдемақыны арттыруға - биыл 5 млрд теңге, 2020 жылы – 13,8 млрд тг, 2021 жылы – 14, 9 млрд теңге бағытталады. Бюджет саласындағы төмен жалақы алатын жұмыскерлердің еңбекақысын көтеруге биыл 169,7 млрд тг, 2020 жылы – 397 млрд тг, 2021 жылы – 410 млрд тг көзделген», — деді Ә. Смайылов.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024