Алматы. 3 қыркүйек. 7kun.kz – Бүгін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келіп, аймақтағы ірі әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымға баса назар аударды, деп хабарлайды 7kun.kz тілшісі.
Іс сапар барысында Премьер-Министр алдымен Елбасы тапсырған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік, «Төртінші индустриалды революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» мен «Бес әлеуметтік бастаманың» қаншалықты деңгейде жүзеге асырылып жатқандығын тексеріп, өңірдегі мемлекеттік және салалық бағдарламаның іске асырылуы барысымен кеңінен танысты.
Сонымен қатар Бақытжан Сағынтаев өңірдегі білім беру сапасын жақсарту жөнінде қабылданған шараларға да баса назар аударды.
Өйткені Мемлекет басшысы «Төртінші индустриалды революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауында Қазақстанның барлық аймағында орналасқан мектептер жаңа білім беру жүйесіне ауысып, жас ұрпақты ғылыми-зерттеу және өндірістік-технологиялық ортаға бейімдейтін компьютерлік техника, зертхана, 3D принтерлер және бизнес-инкубаторлар желісін құруды тапсырған болатын.
Петропавлға арнайы ат басын бұрған Премьер-Министр Оқушылар сарайының құрылысымен де танысты. Нысан заманауи технологиялармен жабдықталатын болады.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары А.Федяевтің айтуынша білім беру орнында АТ индустриясының перспективалы бағыттары мен STEM-тің оқу-зертханалық кешендерінің жоғары технологиялық базасын құру қарастырылған.
Оқушылар сарайында программалау зертханалары мен графикалық дизайн, инженерлік ғылымдар TecQuipment (Ұлыбритания), робототехника (АҚШ), анимациялық студиялар, голография, Lexsolar кадрлық вакуум кинотеатры, Lexsolar (Германия) электр машиналары, Thespian робот (Ұлыбритания) пен гуманоидтық роботтар NAO (Франция) іске қосылмақ.
Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттердің жатақхана ғимаратының бірінде болып, онда Елбасымыздың бес әлеуметтік бастамасының орындалу барысымен танысты. Университет ректоры С.Өмірбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта университетте 5 531 студент білім алады. 3150 студент 4 жатақханамен қамтамасыз етілген.
Айта кететін жайт, жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында жергілікті университетке оқуға тапсырғысы келетін талапкерге бюджеттен 75 грант бөлінген.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәліметінше, 2018 жылы өңірде білім беру жүйесін қаржыландыруға 55,3 миллиард теңге қарастырылған.
Бақытжан Сағынтаев Президенттің бес әлеуметтік бастамасы аясында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жүзеге асырып жатқан құрылыс жобалары мен «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасының дамуына ерекше көңіл бөлді.
Соның бірі Петропавлда «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында салынып жатқан «Жас өркен» ықшам ауданына барып, құрылыс жұмыстарымен танысып қайтты. Аталған нысан 2019 жылдың қазан айына дейін аяқталып, 332 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етіп, қуаныш сыйлайтындығына көз жеткізді. «Жас өркен» бірнеше қабатты үйлері тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ инвесторларына берілмек.
Халыққа жайлы етіп салынған бұл көпқабатты үй маңына 900 орынға арналған қазақ тілінде білім беретін мектеп жұмыс істейді. Сондай-ақ, алдағы уақытта аулаға спорт сарайы мен теннис корты салынып, 88 бала үшін шағын орталық құрылады.
Тағы айта кетерлігі, мемлекеттік бағдарлама аясында облыс орталығында панельді, бес қабатты 4 үй салынып жатыр.
Тағы бір ерекше жоба ретінде атап өтетіні, Солтүстік Қазақстанда тек жалға берілетін үйлер салу жоспарлануда. Бұл үйлер жекешелендіруге жатпайды. Мұндай пәтер әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға беріледі. Бағдарламаға сәйкес, жаңа үйдің шаршы метр бағасы 140 мың теңгеден аспайды.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәліметінше, өңірдегі құрылыс қарқыны тұрақты өсу үстінде. 2018 жылы 1500 пәтер пайдалануға беріліп, 2019 жылы 620 ескі үйдің орнына 2 000-нан астам жаңа пәтер салынады
Еске салайық, Премьер-министр Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Батыс Қазақстан, Түркістан және Ақтөбе облыстарына іс-сапармен барып, аймақтағы іске асқан жұмыс жобасымен жақын танысып, баға беріп қайтты.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024