ТҮҚЖБ-нің 1 500 салымшысы «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында баспаналы болады
Алматы. 23 қазан. 7kun.kz – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің алматылық 1 500 салымшысы «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында баспана иесі атанады.
«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы қала тұрғындарына қолжетімді шарттармен тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік беріп отыр.
Бағдарлама арқылы берілетін үйлер «Жергілікті атқарушы органдар арқылы кредиттік тұрғын үй құрылысы» бағыты бойынша Алатау ауданы, «Саялы» ықшамауданында салынып жатыр. Кешен 5 қабатты көп пәтерлі үйлерден тұрады. Пәтерлер аумағы 29-84 шаршы метр аралығында.
Таза әрлеудегі пәтерлердің 1 шаршы метрінің бағасы – 179 000 теңге. Бұл Алматыдағы орташа нарықтық бағадан екі есе төмен.
Қолжетімді үй сатып алу үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) салымшысы атанып, депозитке үй бағасының кем дегенде 20%-ын жинау немесе бірден аудару қажет. Бұл – «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысу талаптары. Ал берілетін заем бойынша жылдық мөлшерлеме 5%-ды құрайды.
Мысалы, бағасы 6,3 млн теңге болатын бір бөлмелі пәтерді сатып алу үшін банктегі депозитке 1,2 млн теңге жинау жеткілікті. Бұл жағдайда несие бойынша ай сайынғы төлем сомасы 52 500 теңгеге тең.
Қазір банк 886 пәтерден тұратын пул дайындады. Жыл соңына дейін тағы 621 пәтер бойынша өтініш қабылдау жарияланады. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі желісі арқылы сатылатын әр пәтерге 6 үміткерден келеді.
«Қазір Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өнімдері мен бағдарламалары халық арасында үлкен сұранысқа ие болып отыр. Осы жылдың алғашқы 9 айының нәтижесі бойынша жалпы қазақстандық ипотекадағы біздің банктің үлесі 62%-ға тең. 26 000 азамат баспаналы болды, оның 6 000-ы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша үй алды. Осы жылдың соңына дейін тек бір Алматыда ғана тағы 3 000 пәтер сатылады, оның 1 500-і «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша беріледі. Бұл келтіріліп отырған деректер – елдегі әлеуметтік тұрғыдан ең өзекті мәселелердің бірінің, яғни азаматтарды қолжетімді үймен қамтамасыз етудің тиімді жолмен шешіліп жатқанының айқын мысалы», - деп атап өтті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Алматы қалалық филиалының директоры Гүлзат Симтикова.
«Нұрлы жер» бойынша тұрғын үйлер 50/50 қағидасымен үлестіріледі. Яғни пәтерлердің кем дегенде 50%-ы әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрғандарға беріледі, ал қалған 50%-ы кезекте жоқ Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары арасында сатылады.
Бұл ретте кезекте тұрған азаматтарға да Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшысы атанып, шот ашып, ақша жинау керек екенін айта кету керек.
Мемлекеттік бағдарлама үйлері жеңілдетілген шарттармен берілетіндіктен, үміткерлерге қойылатын белгілі бір талаптар бар. Олар: ҚР азаматы немесе оралман мәртебесіне ие болуы; өтініш берушіде және оның отбасы мүшелерінде соңғы 5 жыл ішінде Қазақстан Республикасының аумағында жеке меншік үйінің болмауы; Алматы қаласында соңғы 2 жыл ішінде тұрақты тіркеуде болуы және төлем қабілеттілігін растай алуы.
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы салынып жатқан нысандар туралы ақпаратты baspana.kz порталынан білуге болады. Қолжетімді тұрғын үйден үміткер жеке кабинетіне кіріп, өзі пәтер алғысы келетін нысанды таңдап, ұнаған пәтерді көрсетіп, тұрғын үй сатып алушылар пулына қатысу үшін өтініш береді.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары мемлекеттік бағдарламалардан бөлек «Өз үйім» атты банктің жеке бағдарламасы бойынша, сондай-ақ үлестік құрылысқа қатысу арқылы баспана сатып ала алады. Үлестік құрылыс банк клиенттері үшін әрі тиімді, әрі қауіпсіз жүреді, себебі құрылыс салушы Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорының кепілдігін алады, осыдан кейін барып Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен келісім бекітеді.
Мысалы, бұл бағытта банк клиенттері құрылысы жүріп жатқан «Алма сити» тұрғын үй кешенінен пәтер сатып ала алады. Мұндағы бастапқы әрлеудегі пәтерлердің 1 шаршы метрінің бағасы – 165 000 теңге, ал таза әрлеудегі үйлердің 1 шаршы метрі – 224 000 теңге. Пәтерлер аумағы 36,3-77,4 шаршы метр аралығында.
Жалпы алғанда 2019 жылдың наурыз айында «Алма сити» тұрғын үй кешеніндегі бес қабатты үйлерден 600 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, тоғыз қабатты үйлердегі 1000-нан астам пәтер 2019 жылдың шілдесінде салынып бітеді. «Алма ситиден» пәтер сатып алуға арналған займдарды 7% жылдық мөлшерлемемен ресімдеуге болады. Ол үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде ашылған шот пен бастапқы жарна ретінде үй бағасының 20%-ы қажет.
Қазір Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде 1,2 миллионнан астам шот бар. Жыл басынан бері 285 197 жаңа депозит ашылған. Барлық қазақстандықтардың арасында үйге деп ақша жинауда алматылық салымшылар ең белсенді болып тұр. Статистикаға сәйкес, әрбір 10-алматылықта Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде салым бар. Алматы бойынша барлығы 169 000 депозит тіркелген. Осы уақытқа дейін 25 мыңнан астам адам Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы Алматы қаласынан үй алған. Жыл басынан бері Алматы қалалық филиал қызметкерлері үй алуға деп 4 000 мыңдай заем рәсімдеді.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024