Алматы. 25 желтоқсан. 7kun.kz – Аяқталып бара жатқан жыл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі үшін толайым табыстар мен қарбалас қызметке толы болды. Осыған орай банктің басқарма мүшелері Алматыдағы Қазақстан баспасөз клубында БАҚ өкілдерімен кездесіп, 2018 жылдың қорытынды баспасөз мәжілісін өткізді.
Ең бастысы 2018 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі тұрғын үй сатып алуға арналған заемдардың рекордтық санын рәсімдеді. Жыл басынан бері банктің 36 790 салымшысы қоныс тойын атап өткен. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. 2017 жылы 28 673 заем берілген болатын.
2018 жылы рәсімделген несие саны бойынша бірінші орында Астана тұр (барлығы 7 739 несие). Екінші орын Алматы қаласына тиесілі болса (5 786), үшінші орында Ақтөбе облысы тұр (3 696).
«Жалпы, банк жұмыс істеп келе жатқалы бері 170 мыңдай қазақстандықтың тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмектестік. Қазір Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде 119 мың несие бар. Олардың айтарлықтай бөлігінің, яғни 27 мың заемшының айлық табысы 50-100 мың теңге аралығында. 19 мың заемшы 100-140 мың теңге көлемінде жалақы алады. Ал 13 мың клиент 50 мың теңге табыспен де заем ресімдеп, үйлі болды. Бұл бірегей тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің арқасында мүмкін болып отыр. Ол табысына қарамастан кез келген адамға баспаналы болуға жол ашады. Ал банктегі депозитін ай сайын тұрақты түрде ұсынылған сомаға толықтырып отырған клиент үшін төлем қабілеттілігін растау тәртібі жеңілдетілді», – дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Аяқталған жылдың жақсы жаңалығы – 1900 әскери қызметші жеңілдетілген заемге қол жеткізді. Банк осы жылы әскери қызмет өкілдері мен арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлері үшін бөлек тұрғын үй бағдарламасын әзірлеген болатын. Бұл мақсатта Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өз қаражатынан 98 млрд теңге бөлді.
Отан қорғаушыларға арналған заемдар 6-8% аралығындағы мөлшерлемемен ресімделді. Заем өтеу есебіне мемлекеттің әскери қызметкерлерге арнап бөлетін тұрғын үй төлемдері бағытталады.
Жалпы алғанда, 2018 жылғы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қазақстандық ипотекадағы үлесі 63%-ды құрады. Осыған қарамастан банк ең төмен NPL деңгейін (уақтылы өтелмеген, өтеу мерзімі 90 күннен асып кеткен заемдар) сақтап қалып отыр. Қазір аталған көрсеткіш 0,22%-ды құрайды, ал қазақстандық банктер арасындағы орташа деңгей 8,17%-ға тең.
Болашақ баспана үшін ақша жинауға келгенде салымшыларға мемлекет те көмектесіп отыр. Банктің барлық салымшылары бір жыл ішіндегі шотқа салған ақшаның 20%-на тең соманы мемлекеттік сыйақы түрінде ала алады. Бұл 200 айлық есептік көрсеткіштен (481 000 теңге) аспайтын салым сомасы бойынша есептеледі. Яғни 2018 жылдың ең жоғарғы мемлекет сыйлықақысы 96 200 теңгені құрап отыр. Аталған бонустың арқасында банк салымшылары депозит бойынша 13,3%-ға дейін баратын жылдық тиімді сыйқақыға қол жеткізе алады (базалық сыйақы мөлшерлемесі – 2%).
Банк күн сайын қатары өсіп келе жатқан салымшылардың қызмет алуы жайлы әрі жылдам болуы үшін жаңа сервистер мен қызметтерді енгізіп келеді. Мәселен биыл бейне-байланыс арқылы кеңес алу, депозитті онлайн-режимде сатып алу мүмкіндіктері пайда болды. Депозит сатуға және сатып алуға арналған онлайн-табыстау қызметінің көмегімен 1 000 адам шот иесі атанып, 5% көлеміндегі мөлшерлемемен заем ала алды. Қазіргі таңда онлайн қызметті пайдаланатындар саны 80 пайыздан асқан.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024