Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі: Қазақстан журналистері салымшылардың арасында алтыншы орында
Алматы. 27 маусым. 7kun.kz - Қазақстандық журналистердің Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі орташа заем сомасы 8 млн теңгені құрайды. Журналистер мен БАҚ қызметкерлері Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларының арасында сан жағынан алтыншы орында. Тұрғын үй құрылыс жинақ мәдениетінде олардың алдында тек оқытушылар, медицина қызметкерлері, бухгалтерлер, кәсіпкерлер және әскери қызметшілер тұр. Тележүргізушілер мен тілшілердің Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі жинағының орташа сомасы 3 млн теңгені құрайды.
Бұл деректерді журналистерді Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен құттықтау барысында банктің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова келтіріп өтті.
«2018 жылдың алғашқы 5 айы ішінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 12 912 заем берді. Бұл жалпы қазақстандық ипотеканың 80%-дайы. Тек жұмыс күндерін есепке алсақ, күн сайын орта есеппен шамамен 130 қазақстандық қоныс тойын тойлайды екен. Олардың арасында журналистердің де бар екеніне сенімдімін. Біздің банктің клиенті атанған БАҚ өкілдері тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің артықшылықтарын өз тәжірибесінде тексеріп көріп, енді бізге отандастарымызға үй алудың қолжетімді жолдары туралы ақпаратты жеткізуге көмектесуде», дейді Ләззат Ибрагимова.
Баспана мәселесіне баса көңіл бөліп, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне депозит ашуға келетіндердің орташа жасы 20 мен 30-дың арасында. Ал заем ресімдеушілердің орташа жасы – 42. Банк арқылы баспаналы болып жатқан клиенттер мен журналистердің жартысы үйді қайталама нарықтан алғанды жөн көреді. Әдетте олар займды орта есеппен 6,5-7 жылға алады. Мұндай несиелер бойынша ай сайынғы төлемнің орташа сомасы 55 000 мен 82 000 теңгенің аралығында.
Құрылғанына 15 жыл болған Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі осы уақыт ішінде 147 302 қазақстандық отбасыға баспана жағдайын жақсартуға көмектесті. Олардың 86%-ы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы пәтер алуды жөн көрсе, 6,6%-ы жөндеу жұмыстарына заем алған, ал 1,8%-ы үй салу мүмкіндігіне қол жеткізген.
Осы ретте Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенттерінің жауапкершілігі ең жоғары заем өтеушілер екенін айта кету керек. Банктегі NPL деңгейі (уақтылы өтелмеген, өтеу мерзімі 90 күннен асып кеткен несиелер) ел бойынша ең төмен көрсеткішке ие – бар болғаны 0,24%. Басқа екінші деңгейлі банктерде бұл көрсеткіш орта есеппен 9%-ды құрайды.
Қазір 1 млн 118 525 адам 546,4 млрд теңгенің салымын сенім білдіріп, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде сақтап отыр. Бұл – елдегі экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 12,8%-ы. Бес жыл бұрын аталған көрсеткіш 7,1%-ға тең еді. 2023 жылға дейінгі жаңа стратегияға сәйкес, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі экономикалық тұрғыдан белсенді халық арасындағы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі қатысушыларының үлесін 17%-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Банк өнімдеріне деген жоғары сұраныстың себебі олардың қолжетімді болуында ғана емес. Қазір Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенттер қызметті ыңғайлы жолмен алып, оған барынша аз уақыт жұмсасын деп, IT-технологияларды белсенді түрде енгізуде.
Өткен жылы іске қосылған, тұрғын үй сатудың электронды платформасы саналатын Baspana.kz жылжымайтын мүлік порталы қазақстандықтар арасында кеңінен танымал. Бұл жерде қызығушылық тудырған нысанды таңдап, баспана сатып алу бойынша тұрғын үй бағдарламаларының шарттарымен танысып, пәтер сатып алушылар пулына қатысуға өтініш беріп, ұнаған пәтерді таңдап, мүлікті сатып алуға дейінгі ары қарайғы бар процесті оңай бақылап отыруға болады.
Осы уақытқа дейін Baspana.kz порталының көмегімен 9 000 отбасы үйлі болды. Қазіргі уақытта порталға 87 000 қолданушы тіркелген, сондай-ақ «Нұрлы жер» және «Өз үйім» бағдарламалары бойынша 15 491 пәтерден тұратын 215 нысан туралы ақпарат жарияланған.
Бұдан бөлек Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі – Кеңесшілердің әлеуметтік желісін іске қосқан Қазақстандағы жалғыз қаржылық ұйым. Бұл жүйе клиентке жұмыста немесе үйде отырып-ақ қашықтан шот ашуға мүмкіндік береді. Ол үшін ұялы телефоннан 300 нөміріне немесе банк сайтындағы кеңесшілер нөміріне қоңырау шалып, кеңесші шақыру керек. Қазірдің өзінде 300 мың қазақстандық осы қызмет түрін пайдаланып үлгерді.
2018 жылдың мамыр айында банк депозиттерді онлайн-табыстау атты жаңа сервисті іске қосты. Ол Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі шоттарын қашықтан сатуға және сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл жаңа қызметті осы уақыт ішінде жалпы сомасы 494 006 898 теңгеге депозиттер сатқан 200-ден астам адам қолданды. Сатылған депозиттер арасында ең жоғары сомасы 10,3 млн теңгеге тең. Жалпы алғанда, банк салымшылары сатылымға шығарған депозиттердің орташа сомасы 2,1 млн теңгені құрады.
Сондай-ақ банк қазір видео-консультация атты жаңа қызметті іске қосты. Оның көмегімен банктің болашақ клиенттері мен қазіргі салымшылары видеобайланыс арқылы менеджерге хабарласып, депозит және несие, жаңа шарт бекіту, шот бойынша көшірме алу, постдепозиттік операциялар мен анықтама ресімдеу туралы қашықтан кеңес ала алады. Бұдан бөлек банк менеджері аталған сервистің көмегімен сайтпен, «ЖССБ 24» интернет-банкингімен және Baspana.kz жылжымайтын мүлік порталымен жұмыс істеуге көмектеседі. Бұл жағдайда клиент видео-қоңырау шалып, видеобайланыс операторына ашылған уеб-парақшаны бірлесіп пайдалануға рұқсат береді. Осылайша банк менеджері клиенттің іс-әрекетін бақылап, қажет болған жағдайда арнайы курсордың көмегімен қай беттерді ашу керек екенін көрсетеді. Алайда ол клиенттің компьютерінде өз бетінше қандай да бір операциялар жүргізе алмайды. Видеобайланыс қызметі www.hcsbk.kz сайтына және Baspana.kz порталында қосылған. Оны қолдану үшін интернеті бар смартфон немесе компьютер қажет.
Бизнес-процестердің мұндай автоматтандырылуы мен цифрландырылуы клиенттерге қызмет көрсету уақытын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берді. Мәселен, қазір тұрғын үй құрылыс жинағы туралы келісім-шарт бекіту 5 есе жылдам жүреді (осыған дейін бұл іске 30 минут жұмсалса, қазір 7 минут жеткілікті). Несие өтінімі бар болғаны 1,5 күн ішінде қарастырылады, бұл бұрынғыға қарағанда 4,5 есе тез. Сондай-ақ постдепозиттік операцияларға кететін уақыт та 6 есе қысқарды: осыдан бұрын клиент аталған процеске 1 сағатын арнайтын еді, қазір 10 минут қана кетеді.
Банк жаңа технологияларды жұмыс процесіне енгізуді ары қарай да жалғастыра бермек. 5 жылдан кейін клиенттерге қызмет көрсетуге арналған барлық операцияның 70%-ын онлайн-режимге ауыстыру жоспарланып отыр.
«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ — еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын бірден-бір банк. Ұйым Еуропалық құрылыс жинақ кассалары федерациясына (ЕҚЖКФ) және Халықаралық тұрғын үйді қаржыландыру одағына кіреді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жалғыз акционері – «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024