Т. Сүлейменов: Бизнесті бақылаудан босатудың нақты шаралар тізбегі жарияланады
Астана. 1 ақпан. 7kun.kz - Ұлттық экономика министрлігі бизнесті бақылаудан босату туралы ауқымды шаралар тізбегін іске асырады. Осы арқылы шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі артады. Бұл туралы министрлік басшысы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.
Айта кетейік, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдауында бизнес ортаны кеңейту мен күшейтудің түбегейлі қажеттілігін атап өтті. Ол Үкіметке 1 шілдеге дейін бизнесті бақылаудан босатуға бағытталған жүйелі жұмыс атқару керектігін міндеттеді.
«Жолдауда экономиканы бақылаудан босатуға басымдық берілген. Бұдан орта және шағын бизнес көп пайда табады. Ірі бизнес заң және салық бойынша бірнеше кеңесшілер, басқа да консультанттардың көмегіне жүгініп, бақылау нормаларынан жалтарып кете алады»,- деді Сүлейменов.
Министрдің сөзінше, 1 шілдеге дейін бақылаудан босатудың нақты шаралар тізбегі жария болады. «Қазір мұнымен айналысып жатырмыз»,- деді министр.
Оның айтуынша, шектен тыс бақылау мен табиғи монополиялар қызметін қадағалау арқылы бизнестің шығындарын азайту жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек, бюджет басымдығы қайта қаралуы мүмкін. Тиімсіз бағдарламаларға кететін шығын, жаңа жобаларға ауыстырылады.
«Қазір мемлекет экономикаға тым көп араласады. Біз экономикаға өте көп ақша құямыз. Бірақ бюджеттік заңнама, мемлекеттік сатып алу заңнамасы бюрократияланған. Ақша экономикаға, шынайы мердігерлерге, мектеп, бала-бақша, жолдар салатын компанияларға кеш жетеді. Бұл сапаның төмендеуіне, игеру көлеміне және шын мәнінде көрсетілген қызметтер көлеміне кері әсер етеді» - деді министр.
Осы орайда, Бюджет кодексіне өзгерістер енгізілуі мүмкіндігін атап өтті.