Алматы. 3 қазан. 7kun.kz — Қазақстанда тұтынушылық несие бойынша қарыз 270 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Азық-түлік емес тауарлар бағасы өсімінің артуындағы драйверлердің бірі тұтынушылық несиенің артуы болып отыр. Жыл басынан бері банктерге тұтынушылық несие бойынша қарыз көлемі 11 пайызға немесе 270 млрд теңгеге артты», - деді ол.
Оның айтуынша, 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында отандық тауарлардың барлық баға өзгерістерін көрсететін ЖІӨ дефляторы 6,7 пайызды құраған.
«Бұл импортталатын тауарлар бағасының өзгеруін де қамтитын тұтынушылық баға индексі көрсеткішінен төмен. Баға өсімі себептерінің бірі импортқа бағаның артуы екендігін білдіреді», - деді Ұлттық банк төрағасы.
Ақышевтың пікірінше, әзірге отандық өндірушілер көрші елдердің импортымен бәсекелестікке түсе алмай отыр. Оны статистикалық деректер де көрсетіп отыр.
«Импорт алмастырудың қалпына келуі үшін елге ұзақ уақыт қажет екендігі айқын. Ресейден келетін импорт өсімі ағымдағы жылы 32 пайызға жетті. Яғни, отандық тауар өндірушілер бәсекеге қабілеттілік таныта алмай отыр», - деді ол.
Айгүл Хожантаева
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024