Алматы. 14 қараша. 7kun.kz – Белгілі қоғам қайртакері Иманғали Тасмағамбетов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау білдірді, деп хабарлайды 7kun.kz.
«Бұл жыл мемлекетіміз үшін ерекше қиын жыл болды. Тәуелсіздік алғалы бері алғаш рет еліміз ең басты, ең ізгі құндылықтарын жоғалтуға шақ қалды.
Тарих куә, мұндай жағдайдан кейін көп елдер өз өзіне келе алмай, ондаған жылдарға тұралап қалады. Бірақ осыған қарамастан біздің халық, ауырлыққа майыспайтын ерік-жігері мен қаранардай қайыспайтын күшін көрсетіп, төрткүл дүниеге өзінің өркениетті өмірге деген хақын паш етті.
Кешегі аласапыранда ортақ үйіміздегі береке мен тыныштық та халқымыздың осынау даналығы мен бірлігінің арқасында, даралығы мен ірілігінің арқасында сақталды. Еліміз үшін сол бір сындарлы сағаттарда Президент Қ.Тоқаевтың мемлекеттің ыдырауына жол бермей, тізгінді нық ұстап отырғанына баршамыз куә болдық. Сөз жоқ, бұл ұлт алдындағы, ұрпақ алдындағы орасан зор жауапкершілік.
Әрине, дәл қазір әрбір азаматымыз үшін ең маңызды мәселе не? Қарапайым, бірақ өте қажет үш нәрсе бар. Ол: ертеңгі күнге деген сенімі, бала-шағасының амандығы, өзін бейқам сезінуі. Бұл құндылықтардың қадірі, әсіресе, айналадағы қарулы қақтығыстар мен мән-мағынасыз қантөгістерді көргенде ерекше білінеді.
Міне, осындай алмағайып уақытта ел тізгінін санасына табиғаттың өзі дарытқан геосаяси көрегендігі, туған халқының мүддесін биік қоя алатын дипломатиялық ой-өрісі бар қайраткер, ең бастысы – мемлекеттің тағдыры үшін жауапкершіліктен тайсалмай, тік көтеретін тұлға ұстау керек. Өз басым бұл қасиеттердің барлығын Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бойынан көремін.
Сондықтан, бүгінгідей ел-жұртымыз үшін сындарлы уақытта мен Қасым-Жомарт Кемелұлын алдағы үлкен саяси науқан – Қазақстан Республикасы Президентін сайлауда қолдауға шақырамын.
Азаматтарымыз туған ел алдындағы жауапкершілігін сезініп, жұмылған жұдырықтай ауызбіршілігін танытып, дұрыс таңдау жасайды деп үміттенемін.
Тұйық жолдан адастырмай алып шығатын да, қаратүнек қиындықты жарып шығатын да – бірлік! Осыны ұмытпайық, ағайын!», – деді Тасмағамбетов.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024