Алматы. 13 ақпан. 7kun.kz – 2016 жылдың төртінші тоқсанында Tele2 Қазақстан және Altel өсім көрсетуін жалғастырды. Абоненттік база көлемі 55,300-ге артып, 6 млн пайдаланушы болды. Бұл туралы Tele2 және Altel БК Басқарма төрағасы Роман Володин мәлімдеді.
2016 жылдың 4-тоқсанындағы компанияның жалпы табысы 26,5 млрд теңге (2016 жылдың 3-тоқс. салыстырғанда 15%-ға өскен), ал 2016 ж. нәтижелері бойынша – 91,7 млрд теңге құраған. Компанияның 2016 жылғы қазан-желтоқсан айларындағы абоненттік ақшалай түсімі 20,5 млрд теңге, ал 2016 жылы барлығы – 70,3 млрд теңге болған.
Екі оператордың бірігуі Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында сәтті аяқталған, жалпы жоспар бойынша 2017 жылдың 3-тоқсанында бітуі керек.
"Біздің ең бірінші кезектегі міндетіміз бұрынғыдай компаниялар мен желілерді біріктіру болып қала береді. 2016 жылдың соңына қарай біз жоспарлағанымыздай, абоненттік базамызды арттырып, барлық негізгі көрсеткіштерімізді өсіре алдық. Жақын келешекте біз еліміздегі ең жылдам дамып келе жатқан оператор болып қалуды жоспарлап отырмыз. Нарықтағы үлесі бойынша, Altel және Tele2 БК бұрынғыдай үшінші орында, бірақ болашақта біз өзімізді нарықтағы екінші ойыншы ретінде көреміз", - дейді Tele2 және Altel БК Басқарма төрағасы Роман Володин.