Білімі: 2001-2006 Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университеті. Инженерлік-техникалық факультет. «Есептеуіш техникалар мен желілерді бағдарламалық және аппараттық қамтамасыз ету» мамандығы.
Ірі компаниядағы қызметін тастап, жеке кәсіпкерлікке бет бұрған, Қазақстандағы тұңғыш мобильді электронды кітапхана, тұңғыш ІТ жөніндегі онлайн-журнал ашқан, 2013 жылы «Маңғыстау облысының жыл адамы», «Қазнет тұлғасы» атанған түрлі IT-байқаулардың жүлдегері Тимур Бектұр Қазнет оқырмандары үшін таныс. 7kun.kz агенттігіне берген сұхбатында Тимур дербес кәсіпкерлікке қалай келгені, ІТ-саланың дамуы, кәсіпкерлік қиындықтары туралы әңгімеледі.
- Тимур, адамдардың көпшілігі жұмысынан айырылғысы келмейді. Сіз керісінше Agip KCO сияқты кейбіреуге арман компаниядағы қызметіңізді өз еркіңізбен тастап, кәсіпкерлікке бет бұрдыңыз. Себебін айтыңызшы?
— Жауапты үш-ақ себепке сыйдыруға болады.
Себебі, мен өзімді ол үлкен отбасының мүшесі ретінде көре алмадым.
Себебі, мен үлкен механизмнің кішкене тетігі болғым келмеді.
Себебі, өзіммен өзім болғым келді.
-Яғни, Agip KCO-ға дейін ауылда қарапайым жұмыстар істеп жүрдіңіз...
-Иә, ол жаққа баратын кезде мен «Қазақстан темір жолы» Маңғыстау бөлімшесінің «Автоматтандырылған басқару жүйелері» бөлімінің бастығы болып жасаған едім. Ал, ол жерден Аджипке барғанда, алғашқы бір жылдың үстінде машықтанушы, бар болғаны trainee болып жүрдім. Яғни, тәлім алдым. Кейін Ақпараттық коммуникациялық технологиялар департаментінде IT тәуекелдерді басқару бөлімінің басшысының кеңесшісі, содан соң NCPOC компаниясында Ақпараттық қауіпсіздік аналисі қызметін атқардым.
- Жасырын болмаса жалақыңыз қандай еді?
— Әрине, жасырын. Бірақ, еліміздің көп жерлеріндегі мекемелерге қарағанда жоғары деп айтуға болады. Оның үстіне, ол жерде тек жалақы емес, басқа да қосымша төлемдері, жыл сайынғы оқу-тәжірибелік іссапарлары бар болатын. Соның арқасында мен және менің әріптестерім халықаралық бірнеше тренингтерден өтіп, сертификаттар алдық.
- Кәсіпкерлікке бет бұрар алдында қандай бизнеспен айналысатыныңызды жоспарлап, бизнес-жоспар жасап, ойланып шешім қабылдадыңыз ба, әлде түрлі тапсырыстар көбейген соң, компаниядағы жұмыстан гөрі жеке кәсіпкерлік табысты боларын ойлап кеттіңіз ба?
— Кәсіпкерлікке бет бұрар алдында қандай бизнеспен айналысатынымды білдім, шикілей жоспарладым, ойланып шешім қабылдадым, бірақ бизнес-жоспар жасадым деп айта алмаймын. Екінші жағынан «Әлде түрлі тапсырыстар көбейген соң ба?» дегеніңіз де ептеп шындыққа келеді.
- Өйткені бізде көптеген кәсіпкерлер түрлі тапсырыстардың көбейгенінен кейін бизнеске келеді.
-Оған келісемін.
-Қазір жеке кәсіпкерсіз. Қандай қызметтер көрсетесіз?
— Иә, қазір жеке кәсіпкермін. Дәл қазіргі ең негізгі қызметім — сайт жасау. Бағдарламалар жасау. Сосын барып жаңа медиа, әлеуметтік желілер саласындағы тақырыптар бойынша тренингтер жүргіземін. Соңғы кезде біртіндеп шағын (орта емес, оған әлі мен үшін ерте) бизнес жөнінде тренингтер өткізуді бастадым.
- Agip KCO-мен қазіргі табысыңызды салыстырмалы түрде алсақ, қайсысынан табыс көбірек?
— Меніңше бірдей сияқты. Яғни, мен дәл қазір ол жерде жасап жүрген болсам, сол жақтағы айлығым мен менің қазіргі табысым бірдей сияқты. Бірақ кем емес екені анық. Ал мен жасап жүріп шығып кеткен уақытқа қарағанда, әрине, қазіргі табысым көп. Себебі, «Қашаған» жобасында жасайтындардың айлығы жыл сайын бірнеше пайызға өсіп тұрады.
- Бұл сұрақ менің деңгейімде емес деуіңіз мүмкін. Бірақ осы салада жүрсіз, кейбір мәселемен таныссыз. Қазақстандағы ІТ саланың дамуын қалай бағалайсыз?
Жаңағы айтқан Networked Readiness Index бойынша есептеген сарапшылар, біздің елімізді «Жарық жұлдыз» (Rising stars) тобына қосқан. Бұл топтағылар орташа деңгейден де жоғары дамып бара жатқан елдер: Армения, Грузия, Панама, Қатар және Біріккен Араб Әмірліктері және біз.
Тек қана, бір әттеген-айы, бұл ақпаратты берушілер, қазақстандық ІТ қызмет ұсынушылардың әлі аздығын, бұл саладағы жалпы нарықтың әлі 10%-ға да жетпегенін айтады. Ал Ресейде ол 20%, Шығыс Еуропа елдерінде 30-40%, Еуропада 50% және одан жоғары екен. Тағы бір біздің олқы тұсымыз — біз әлі шикіміз, әсіресе, өз өнімдеріміз бен қызметтерімізді экспортқа шығаратын деңгейге жетпедік. Бұл туралы Қазақстанның ІТ қауымдастығының жетекішісі Нұрлан Исин айтуда.
-Бұл мәселенің бір ұшы ІТ саласындағы мамандарымыздың білім деңгейіне келіп тиетін сияқты?
-Жалпы біздің ІТ саласындағы мамандарымыздың әлі де болса нашарлығын Ұлттық ақпарттық коммуникациялық холдингіміз «Зердедегілер» білім жүйесіндегі олқылықтан көреді. «Білім министрлігіндегілер ІТ мамандарды нарықтың сұранысы бойынша емес, өз көзқарастары бойынша дайындауда» дейді.
- «ІТ-тірлік» журналын шығара бастаған едіңіз? Негізгі мақсатыңыз қандай еді, әрі қазіргі кезде неге тоқтап тұр?
— Негізгі мақсатым — ІТ саласын қазақтар арасында дамыту, қазақтардың ІТ сауаттылығын арттыру, мүмкін болса, таза қазақи ІТ орта құру болатын. Қазір тоқтап тұрған себебі — қауқарым жетпей қалды. Жалғыз өзіме тым ауыр жүк екен.
- Мемлекет кәсіпкерлікке бет бұруына барынша қолдау жасауға тырысуда. Бірақ кейде қоғам кәсіпкерлікті онша түсіне бермейтін сияқты. Мемлекет пен қоғам арасында түсініспеушілік жоқ па?
— Менің деңгейім мұндай күрделі сұраққа жауап беруге жетпейді. Кәсіпкерлікті былай қойғанда, біздің қоғам мен биліктің арасында, әрине, түсініспеушілік көп және ол жылдан-жылға артып келеді. Алайда, менің пікірім бойынша, бір қуантарлығы, билік те өз тарапынан түрлі институттар құру арқылы қоғаммен байланысты күшейтуге өз ынтасын білдіруде. Оның енді қаншалықты нәтижелі болатынын әлі де болса көре жатармыз. Бірақ, біздің мемлекетіміз осы, басқа қашып-пысып баратын жеріміз жоқ. Сондықтан, жақсы болсын, жаман болсын, бірлесіп өмір сүреміз. Кейде қоғам билікті, мемлекет бағытын, жоспарын түсінбей жатса, кейде керісінше. Бастысы, екі тарап та бірін-бірі ұғынуға ниеттенсе екен.
- Әлеуметтік желілердегі жазбаларыңыздан байқағаным еуропалық стандарттардың қолдаушысы сияқтысыз. Қазақи орта, қазақи менталитет кәсіпкерлікпен айналысқанда қандай да бір кедегілер келтірмей ме?
— Жоқ, мен еуропалық стандарттардың қолдаушысы емеспін. Мен тек олардың жақсысына ұмтылғым келеді. Керісінше, олардың кітаптары мен білімдері, процестері мен процедуралары кей жағдайда біздің ұғымымызға қайшы келетінін, соны бізге икемдеу керектігін айтып жүремін. Кейбір саладағы жетістіктерін Take and apply, яғни «ал да қолдан» әдісімен пайдалануға болады. Ал кейбір сәттерде бәрібір ойлануға, аңысын аңдауға тура келеді.
- Кәсіпкерлікті бастау кезінде қандай қиындықтар болды, қазіргі кезде қандай қиындықтар кездеседі?
- Әлеуметтік желінің тұрақты қолданушысыз. Сіз үшін пайдасы қаншалықты? Табыс және атақ...
— Бірінші зиянын айтайыншы. Сұмдық көп уақытымды алады. Ал пайдасы — шаш етектен болмаса да бар. Атақ та әкеледі, табыс та әкеледі. Мысалы, менің біршама клиентім Фейсбуктегі жазбаларымнан, жарнамаларымнан, жалпы сол жердегі адамдардың сұрақтарына ерінбей (кейде ерініп кетем) жауап беріп отырғанымнан келген.
- Сайт жасайсыз. Егер құпия болмаса өзіңіз жасаған ең арзан және ең қымбат сайттың бағасын айтыңызшы.
— Мен орташа сегментте жасаймын. Яғни тым арзан да емес, тым қымбат та емес. Ең арзанға жасаған сайтым — тегінін айтпағанда, 20 мың теңге болса, ең қымбатқа жасағаным — $2000.
- Табысқа жетудің кілті не деп білесіз?
— Мен ештеңе білмеймін. Бірақ, бір білетінім, кез-келген нәрсенің нәтижесіне жету үшін тынбай істей беру, тұрақтылық. Мұны мен өте кеш білдім. Тынбай оқу, тынбай жасау, тынбай даму.
- Біз болашағынан үлкен үміт күттіретін 100 қазақ жасынан сұхбат алуды жоспарлап отырмыз. Біріншісі болып өзіңіз бастадыңыз. Болашағынан үміт күтетін замандасаңызды атап, сұхбат Эстафетасын берсеңіз. Сіз атаған замандасымызды сұхбатымыздың келесі кейіпкері ретінде қонаққа шақырсақ...
— Жаңағы бір сұрағыңызға жауап бергенде, «біздің ІТ компаниялар әлі сыртқа шығатын қауқарға ие бола қоймады деп айтылуда» деп жауап бердім ғой? Осы кезде тілге тиек ете кететін бір ғана компания бар. Ол Arta Software деп аталады. Оның иесі — жасы менен де кіші, Болат Башеев деген азамат. Ол жігіттің компаниясы, негізінен, корпоративтік сегментте, бағдарламалық шешімдерді жасаумен айналысады. Мысалы, былтыр олар Ресейден және Башкириядан өздерінің өкілдіктерін ашты. Керемет емес пе? Келесі, сұхбатты сол жігіттен алыңыздар.
-Ұсынысыңызға және сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Ақсәуле Әбітай «7»
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024