Тоқаев мемлекетаралық шекараға қатысты даулы мәселелерді қалай шешу керектігін айтты
Қырғызстан. 21 шілде. 7kun.kz – ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуінде мемлекеттер арасындағы даулы мәселелер тек бейбіт жолмен шешілуге тиіс екенін айтты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
«Біз, мемлекет көшбасшылары, өңірдегі тұрақсыздықтың әлі күнге дейін сақталып отырған факторларын барынша жою үшін аянып қалмауға тиіспіз. Мемлекетаралық шекарадағы әрбір атыс тек соған тартылған елдерде ғана емес, бүкіл өңірге ауыр жаңғырық болып естіледі», - деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, қазіргі дағдарыс жағдайында біздің мемлекеттер қарама-қайшылықты өркениетті жауапкершілікпен еңсерудің үлгісін көрсетуге тиіс."Біз шекараны заңмен рәсімдеу процесі өте күрделі және қиын екенін өз тәжірибемізден білеміз. Даулы мәселелер шынайы тату көршілік және халықаралық құқықтың негізгі қағидаларын құрметтеу арқылы тек қана бейбіт жолмен шешілуі қажет. Мұның басқа жолы жоқ", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, мұндай проблемалардың қордаланып қалуы жағдайды ушықтырып, ақыр соңында Орталық Азиядағы ынтымақтасты дамытуға бағытталған барлық күш-жігерді жоққа шығаруы мүмкін.
«Қазақстан, посткеңестік кеңістікте шекарасының толық делимитациясын жүргізген жалғыз мемлекет ретінде, өзара қолайлы шешімдер іздеуге қолдан келгенше көмектесуге дайын», - деді Тоқаев.
Тоқаев шекараны делимитациялауға өзара қолайлы тәсілдер әзірлеу үшін сарапшылар алаңын құруды ұсынды. Бұл жұмысқа тәжірибелі заңгерлер, картографтар, шекарашылар мен басқа да мамандар тартылуға тиіс. Жұмысты үйлестіру міндеті Сыртқы істер министрлері кеңесіне жүктеледі.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024