Алматы. 11 шілде. 7kun.kz — Алматы қаласының жаңа әкімі Бақытжан Сағынтаев Бостандық ауданын аралау кезінде Тұңғыш Президент атындағы саябақтағы субұрқақты қайта құруды тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Нысан 2010 жылы іске қосылды, ал соңғы рет бес жыл бұрын жөнделді. Мамандардың айтуынша, күрделі жөндеу конструкцияның барлық бөліктеріне: тостағандарға, сорғы қондырғылары мен коммуникацияларға қажет.
Бұл мақсатқа бюджеттен 470 млн теңге бөлінді.
"Бұл қалалықтардың сүйікті орны – Тұңғыш Президент атындағы саябақ, алматылықтар осы жерде жүруді жақсы көреді. Фонтан әрқашан керемет болды. Суреттер әдемі шықты, фонтан әрдайым жарқырады, музыка ойнады. Қала тұрғындарына бұл жайлылықты қайтару үшін әкімдік ақша бөлді. Менің ойымша, келесі жылы субұрқақ іске қосылады", – деді "Eco Almaty" ЖШС басшысы Жанна Асанова.