Алматы. 8 қараша. 7kun.kz – 2018 жылғы 15 желтоқсанда валюталық қарызды қайта қаржыландыруға өтініш беру мерзімі аяқталады, - деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасының екінші бөлігі іске асырылуда, оның шеңберінде жеке тұлғалардың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін алған валюталық ипотекалық қарыздарын Қазақстан Ұлттық Банкінің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша теңгемен қайта қаржыландыру жүзеге асырылуда.
Валюталық қарыздарды қайта қаржыландыруға өтініш беру мерзімі 2018 жылғы 15 желтоқсанда, банктердің валюталық қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі 2018 жылғы 30 желтоқсанда аяқталады. Қарыздың Бағдарлама талаптарына сәйкестігін анықтау үшін қарыз алушыларға кредитор банкке өтініш беру қажет.
«Азаматтардың Бағдарламаның өлшемшарттарына сәйкес келетін, бірақ Бағдарламада белгіленген қайта қаржыландыру мерзімі аяқталған соң банкке қайта қаржыландыру үшін өтініш бермеген қарыздары бойынша банктер қолданыстағы заңнамада көзделген берешекті өндіріп алу рәсімдерін қайта бастауға құқылы. Бұл ретте Қазақстан Ұлттық Банкі өндіріп алу рәсімін тоқтатпайды», - дейді Қазақстан Ұлттық Банкінің Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасының бастығы Александр Терентьев.
А. Терентьев Бағдарламада қарыз алушының борышын толық есептен шығару көзделмейтінін және ол сыйақы, комиссиялар, тұрақсыздық сомасы (өсімпұл, айыппұл) бойынша берешекті кешіру арқылы қарыз алушының борыштық жүктемесін төмендетуге бағытталғандығын баса атап өтті.