Алматы. 6 наурыз. 7kun.kz — «Kaspi Bank» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким, Singulariteam қорының басқарушы серіктесі Кеңес Рақышев пен «Сәби» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен өтетін «Өз бизнесіңді қалыптастыр» жобасының жеңімпаздары анықталды.
Байқау өткен жылдың қарашасында жарияланып, оған 18 бен 35 жас аралығындағы 434 кәсіпкер өтініш берген. Үздік деп танылған 33 жоба финалға өтіп, оның сегізіне жалпы сомасы 220 мың долларды құрайтын гранттар тапсырылды.
50 мың долларды құрайтын ең үлкен көлемдегі грант «Ана атанғалы жүргендерге арналған киімдер мен аксессуарлар шығаратын «Дария» брендіне» берілді. Одан басқа үздік деп танылған үш жобаның әрқайсына 30 мың доллардан берілді. Олар — Алматы облысындағы арнаулы техника мен тракторларға кешенді жөндеу жұмыстарын жүргізу базасы, «Тансар» аграрлық кешені мен «Дарьинка» сүт өнімдерін шығаратын зауыт.
Одан бөлек төрт жобаға 20 мың доллардан берілді. Олардың қатарына «Qazaqstudy. Қазақ тілін оқыту» орталығы, «Дядя дятел» ағаш жиһаз бен ойыншықтар шеберханасы, «Aquapoint — денсаулыққа пайдалы судың қайнар көзі» мен «Balalaroom. Балаларға арналған үстел ойындарын жасау» жобалары кірді.
Сондай-ақ «Сәби» қорының жарнама мен бизнесті жүргізуге көмегі ретінде қаржылай емес қолдауына Tumar (жолда жүру қауіпсіздігі үшін жарыққа шағылысатын киім тігетін шеберхана) мен Invamade сыйлықтар дүкені ие болды.
Айта кетейік, жобаның мақсаты — қазақстандық жастардың кәсіпкерлігіне қолдау көрсету. Ұйымдастырушылар конкурсқа қатысушылардың өтініштерін 2016 жылдың қаңтар айының соңына дейін қабылдайды. Өтініштерді қабылдау аяқталған соң конкурс жеңімпаздары анықталып, жобаларын дамытуға арналған грантқа (100 мың доллардан кем емес) ие болады.
Аталған конкурс аясында 2013-2014 жылдары 340 мың доллар көлемінде 15 жоба қолдау тапқан. Конкурс ұйымдастырушылары хабарлағандай, конкурстың жаңа кезеңінде сыйақы қоры 200 мың доллардан асуы мүмкін. Сондай-ақ, кемінде бес жобаға қаржылық қолдау көрсету жоспарланған. Конкурсқа қатысу шарттарын «Сәби» қайырымдылық қорының сайтынан білуге болады
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024