Зейнетақы үшін республикалық бюджеттен қосымша 79,8 млрд теңге бөлінеді
Астана. 27 желтоқсан. 7kun.kz - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенова бала тууына байланысты берілетін жәрдемақы мен зейнетақы мөлшерінің 2017 жылы артуы туралы нақты түсіндірме берді, деп хабарлады Стратегия-2050 сайты.
Министрлік хабарлағандай, 2017-2019 жылдарға арналған бюджетке сәйкес, ынтымақты зейнетақының мөлшері 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап 9%-ға, мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2017 жылдың 1 шілдесінен тағы да 11%-ға ұлғайтылады. Егер ынтымақты зейнетақы мөлшері 2016 жылы 40 000 теңге болса, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 9%-ға арттырылып, 43 600 теңгені құрайтын болады.
2017 жылдың 1 шілдесінен бастап тағы 11%-ға ұлғайтылып, жалпы мөлшері 48 396 теңге болады. Осылайша, 2017 жылы ынтымақты зейнетақы мөлшері 2016 жылмен салыстырғанда 20%-ға ұлғайтылмақ.
Базалық зейнетақы 2017 жылғы 1 қаңтардан 7%-ға, Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында 2017 жылдың 1 шілдесінен тағы да 13%-ға ұлғайтылады. Мәселен, ағымдағы жылы егер базалық зейнетақы мөлшері 11 965 теңге болса, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 7%-ға арттырылып, 12 802 теңгені құрайтын болады.
2017 жылдың 1 шілдесінен бастап тағы 13%-ға ұлғайтылып, жалпы мөлшері 14 466 теңге болады. Осылайша, 2017 жылы базалық зейнетақы мөлшері 2016 жылмен салыстырғанда 20%-ға арттырылады»,- деп хабарлады Тамара Дүйсенова.
Сонымен қатар, Министр 2,1 млн-ға жуық зейнеткердің зейнетақысын арттыру мақсатында республикалық бюджеттен қосымша 79,8 млрд теңге бөлінетінін атап айтты.
Жалпы алғанда, жоғарыда аталған зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерлерінің артуына республикалық бюджетті нақтылау кезінде қосымша 81,6 млрд. теңге қарастырылмақ.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 15 желтоқсанында ҚР тәуелсіздігінің 25-жылдығына арналған салтанатты шарада Мемлекет басшысы 2017 жылдың 1 шілдесінен зейнетақының барлық мөлшерін 2016 жылмен салыстырғанда 20%-ға, баланың тууына байланысты берiлетiн бiр жолғы жәрдемақы мөлшерін 20%-ға арттыруды тапсырған болатын.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024