Жамбыл облысы. 28 желтоқсан. 7kun.kz – Жамбыл облысында 110 млн теңгенің малын ұрлаған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды 7kun.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Зардап шеккен ірі қара мал өсірумен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестігі төрағасының айтуынша, 2021 жылдың қазанынан ағымдағы жылдың тамызына дейінгі аралықта жоғалған асыл тұқымды сиырларын ұрлауға шаруа қожалығындағы малшысы мен көрші шаруа қожалықтың басқарушысының қатысы бар.
Күдіктінің бірі мал ұрлығы туралы алдын ала жоспарлағаны анықталды. Ол екі табын малды әдейі қосып жіберіп, біріктіріп баққан. Кешке қарай басқа малшымен малды бөліп, соңында бірнеше бас малды өзіне қарай білдіртпей айдап жіберіп отырған. Түнде ол артық мал басын табыннан бөліп алып, оларды көрші шаруа қожалығына айдап апарған, ал оның жетекшісі одан әрі ұрланған малды сатқан.
«Осы дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 188-1-бабы 4-бөлігімен (Мал ұрлығы) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Аудандық полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 1972 жылы туылған Шу ауданының және Алматы қаласының тұрғындары анықталып, ұсталды. Күдіктілер кінәсын толық мойындады», – делінген хабарламада.
Ұсталған азаматтар ұзақ уақыт бойы барлығы 137 бас ірі қара малын ұрлап әкеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі – 109 600 000 теңге. Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Олар мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.