Токио. 10 маусым. 7kun.kz - Жапонияның сауда министрлігі 17 маусымнан бастап Ресейге жүк көліктері мен бульдозерлер экспортына тыйым салды, деп хабарлайды 7kun.kz.
Бұл туралы елдің Экономика, өнеркәсіп және сауда министрі Коити Хагиудо мәлімдеді.
«Үкіметтің 7 маусымдағы шешіміне сәйкес, Ресейдің өнеркәсіп базасын күшейтетін тауарларға экспорт жасау тоқтатылады. Сондықтан 17 маусымнан бастап жүк көліктері, бульдозерлер мен өзге де құрылғылар жіберілмейді», - деді ол баспасөз жиынында.
Бұның алдында Жапония Ресейге люкс санатындағы көліктердің, қымбат алкоголь сусындарының, косметика мен былғары заттырдың экспортына тыйым салған. Одан бөлек, мұнай өңдеуге арналған жоғары технологиялық құрылғылар мен квантты компьютерлердің, 3D принтерлер экспортын тоқтатқан.
Украинаға шабуыл басталғалы Жапония Ресейдің 507 азаматына, ЛНР мен ДНР-дің 253 адамына, 201 ресейлік компанияға, 11 банкке санкция салған.