Алматы. 5 маусым. 7kun.kz – Нұр-Сұлтанда "Көпбалалы отбасы" санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға жалдамалық негіздегі 150 пәтердің сертификаттарын беру басталды.
"Нұр-Сұлтан қала әкімдігі "Берекелі баспана"бағдарламасы аясында жалға берілетін тұрғын үй берудің бірінші кезеңінің басталғанын жариялады. "Көп балалы отбасы" санаты бойынша кезекте тұрған алғашқы 150 отбасы нөмірленген, мөрмен арнайы әзірленген сертификаттарға ие болады. Сертификаттардың негізінде көпбалалылар 15 шілдеден 1 тамызға дейін орналасатын болады", - деді қала әкімінің орынбасары Ерлан Каналимов.
Қазіргі таңда әкімдіктің тұрғын үй қорында "Көпбалалы отбасы" санаты бойынша 3270 ана кезекте тұр.
"Биылғы жылы 2 мыңға жуық адам тұрғын үй мәселесін шешеді, ал қалғандары келесі жылы. Біз бұл мәселелерді екі блокқа бөлеміз: бірінші блок - бұл кезектілікке сәйкес алуға болатын жалға берілетін тұрғын үй. Негізінен бұл 2-3 бөлмелі пәтер. Алғашқы 150 ана 2-3 бөлмелі пәтерге ие болады. Екінші - Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы бағдарламаға қатысқысы келетін көп балалы отбасылар. Қазіргі уақытта олар бойынша ережелер қабылданды. Қазір банктің ішкі құжаттарын бекіту жүріп жатыр. Сондықтан бағдарлама 15-18 маусым аралығында жүзеге асырыла бастайды", - деді әкім орынбасары.
Сондай-ақ, жыл соңына дейін 1000-ға жуық көп балалы отбасын жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда.
"Біз 630 пәтерді жыл соңында бөлеміз. Отбасылар кестеге сәйкес қоныс аударатын болады", - деді Ерлан Каналимов.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024