Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Жол сапасына наразы Кеген және Райымбек аудандарының тұрғындары жолды жапты

Жол сапасына наразы Кеген және Райымбек аудандарының тұрғындары жолды жапты

Кеген ауданы. 25 шілде. 7kun.kz – Бүгін Кеген және Райымбек аудандарының тұрғындары «Кеген-Қайқы» автожолының сапасы мен жөндеу жұмыстарының тым ұзап кетуіне байланысты наразылықтарын білдіріп, «Көкпек-Кеген-Түп» автожолының 57 шақырымындағы «Қайқы асуы» жолын жапты. Наразы халықпен кездесуге Кеген ауданы әкімі, «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ Алматы облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Өмірзақ Еренбаев пен «Қазавтодор» өкілдері келді, деп хабарлайды 7kun.kz.

Жолды жабудан басқа амалымыз қалмады деген халық, автожол мәселесі жылда көтеріліп келе жатқандығын жеткізді. Олардың айтуынша, жолдағы шұрық тесіктердің кесірінен көліктері бұзылып, қозғалысқа кедергі келіп, тіпті жол апатына алып келіп жатқан жайттар да аз емес. Халықтың басты талабы – аталған автожолдың жөндеу жұмыстары тезірек басталып, асфальттың сапалы төселуі.

Ашынған жұрттың базынасын тыңдаған «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ өкілінің айтуынша, 15 шақырымды құрайтын «Кеген-Қайқы» жолының жөндеу жұмыстарына 682 миллион теңге бөлінген. Оның 70%-ы игерілді деген Өмірзақ Еренбаевтың сөзін тұрғындар жоққа шығарып, жұмыстың жартысы да көрінбейтіндігін айтты. Автожолдағы жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде орындамаған мердігер компания жосықсыз деп танылып, келісімшарт бұзылған. Қазіргі уақытта автожолдағы қалған жөндеу жұмыстарының көлеміне жауапты жаңа мердігерді тағайындау жұмыстары жүргізілуде. Ол 20 тамызға дейін анықталуы тиіс.

Ал аудан әкімі Талғат Байеділовтың айтуынша, бұған ауданның ешқандай қатысты жоқ, бұл республикалық маңызы бар жол. Оған жауапты болған мердігер аудан азаматы емес, шеткен келген.  Мердігерге тиесілі зауыттың экологиялық құжатының мерзімі өтіп кеткендіктен, жолға асфальт салынбаған.

Құзырлы орган өкілдері 20 тамызға дейін жауапты мердігерді тағайындап, жол жөндеу жұмыстарының басталатынына және оған дейін жолды түзейтін тиісті техникалар (грэйдерлер) аптасына екі рет автожолды түзетіп отыратына уәде берді.

Сондай-ақ тұрғындар 89 шақырымды құрайтын «Кеген-Нарынқол» автожолы ұзақ уақыттан бері не орташа, не күрделі жөндеу жұмыстарын көрмегенін және сапасыз жолдың көлік қозғалысына кедергі келтіріп жатқандығын айтып, «Қазавтодор» ЖШС өкілін жағдаймен жіті танысу үшін сол жерге баруға шақырды.

https://www.youtube.com/watch?v=m_WAx1vtm70

Похожие материалы