Экономика
Жомарт Ертаев Альянс банк мүлкін ұрлады деп күдіктеліп отыр
Қазақстанның бас прокуратурасы танымал банкир Жомарт Ертаевты күдікті деп таныған қылмыстық істі қарап жатыр. Ведомства мәліметінше, ол ірі көлемде қаржы жымқырды деп күдіктеліп отыр. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап LS хабарлайды.
"Жомарт Ертаев ҚР ҚК 189-бабының 3-бөліміндегі 1-пункті бойынша ("Бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін топ адаммен алдын ала келісім арқылы қызметтік құзырын пайдалана отырып ірі көлемде иемдену және жұмсап қою арқылы жымқыру") заң бұзды деп күдіктеледі", - делінген баспасөз қызметінің ресми хабарламасында. Ж.Ертаев 2015 жылдың 22 маусымынан бастап күдікті деп танылған. Бас прокуратураның мәліметінше, қазір сотқа дейінгі тексеріс жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, Жомарт Ертаев Қазақстанның ірі банктерінде лауазымды қызметтерде болған. 2002-2007 жылдар аралығында Альянс Банк басқарма төрағасы, 2007-2008 жылдар аралығында Украина БТА Банкінің басқарма төрағасы, 2008-2009 жылдар аралығында Еуразиялық банк басқармасында қызметтерінде болды. RBK Банкінің директорлар кеңесінде консультант болды. 2014 жылдың қарашасынан бастап ҚР "Алма-ТВ" ЖШС-ның бас директоры болып тағайындалды.
2009 жылы қаржы полициясы банк акционерлерін "өздеріне иемдену немесе үшінші жақтың мүддесі үшін сенімге берілген мүлікті ұрлады" деген айып тақты. Ж.Ертаев және бұрынғы бухгалтер Әбілқасым Момырбеков 9 ай тергеу изоляторында отырды. Кейінірек тергеу айыптауларынан бас тартып, Ж.Ертаевқа бухгалтерлік есеп заңнамасы және қаржылай есеп бойынша қателіктерге жол берген және банк қаржысын заңсыз пайдаланған деген айып тақты.
2013 жылы "Альянс банк" қаржы полициясына банктің бұрынғы топ-менеджерлеріне қатысты тергеу жүргізуін сұрады. 2014 жылдың тамызында Ж.Ертаев "Альянс банкпен" өзара келіспеушілікті жою мақсатында негізгі қарыз бен несие бойынша пайыздарды жабу үшін 2 млн доллар төледі.
Еске салайық, осыған дейін ҚР Бас прокуратурасының ведмствоаралық жедел тергеу тобы «АлмаТВ» компаниясының бас директоры Жомарт Ертаевты тұтқындамақ
болды деп хабарланған еді.