Нұрсұлтан Назарбаев офшорға салық енгізуді ұсынды

Астана. 26 мамыр. 7kun.kz — ҚР Президенті офшорға 1 пайыз болсада салық енгізуді ұсынды. Ол бұл туралы Астанадағы экономикалық форум кезінде мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта әлемдік мамандардың бағалауы бойынша, офшорлық есепшоттарда 30-дан 40 триллион долларға дейін қаржы сақталған. Бұл активтерге ең болмаса жаһандық 1 пайыз салықты енгізу дамушы елдердегі білім беру және денсаулық сақтау салаларын жаңа деңгейге шығарар еді. Сондықтан ХВҚ және Дүниежүзілік банк жаһандық экономиканы деофшоризациялау бойынша тиімді шараларды жүргізе алады деп ойлаймын», — деді Президент.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Астана экономикалық форумында БҰҰ аясында адам капиталын дамыту қорын құруды және салықтан түскен қаржыны аталған қорға салуға болатынын атап өтті. Оның басты міндеті кедей елдердегі білім беру мен денсаулық сақтаудың сапасын жақсарту болмақ.

«ЮНЕСКО ақпаратына сәйкес, кедей елдердегі базалық жалпы білім беруді қамтамасыз ету үшін 50 миллиард доллар шамасында қаржы қажет екен. Бұл мәселе халықаралық қоғамдастық күш біріктірген жағдайда ғана шешіледі», — деді ол.