ОҚО-да республикалық фермерлер одағының алқалы жиыны өтті

одағының
Фото: ОҚО ӘБҚ

Алматы. 22 қараша. 7kun.kz — Биыл Қазақстан фермерлер Одағының құрылғанына 15 жыл толып отыр. Осы мерейлі мереке қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысында ғылыми конференция ұйымдастырылды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық фермерлер одағы мен ауыл шаруашылығы басқармасы  ұйымдастырған алқалы жиынға  республикалық фермерлер одағының төрағасы Әуезхан Дәрінов, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалының директоры Асқар Әбубакиров пен өңірдің барлық аудандарынан 600-ге жуық фермерлер қатысты.

Жиын барысында мемлекеттік қолдаулардың қол жетімділігі, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, суармалы және жайылым жерлердің көлемін ұлғайту сынды мәселелер талқыланды.  Облыстың түкпір-түкпірінен жиналған фермерлер осы бағытта өздерінің талап-тілектері мен ұсыныстарын жеткізді.

Мәселен, сарыағаштық фермерлер жанар-жағармай бағасының күн санап шарықтап бара жатқандығын айтса, мақтаралдық диқандар бақша дақылдарына да субсидия берілсе деген ұсыныстарын айтты.  Ал түркістандық шаруалар агро саланы қаржылай қолдайтын «Агробанк» құрылса деген ұсыныс білдірді. Конференцияда айтылған барлық ұсыныстар фермерлер одағында  сарапталып, жауапты мемлекеттік органдарға хатпен жолданатын болады.

Бүгінде фермерлер одағының еліміздің 8 облысында филиалдары мен 5 облысында өкілдіктері жұмыс істейді. Одаққа 10 мыңнан астам фермерлер біріккен. Ал ҚР Фермерлер одағының облыстық филиалы 2012 жылы құрылған.