«Павлодар облысының әкімі ұсталды» деген ақпарат расталған да, терістелген де жоқ

Кеше әлеуметтік желі мен мессенджерлерде Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов көмекшісі және орынбасарының бірімен бірге ұсталды деген ақпарат тараған.

Telegram-дағы «Yedilov online» арнасы алғашында ұсталды деген ақпарат таратқан, артынша жоққа шығарды.

Кешкісін Бақауовтың instagram-дағы парақшасында индустриалды-инновациялық даму басқармасы мен кәсіпкерлік және сауда бойынша отырысқа қатысқаны туралы жазба жарияланды.

Ал бүгін облыс әкімімен бірге ұсталды деген орынбасары Арыстан Кабикенов журналистермен кездесіп, өзі туралы жалған ақпаратты терістеуді сұрады.

Ол бұл ақпаратты естіп есеңгіреп қалғанын жасырмады. Кеше әдеттегі жұмыс күні болғанын айтқан ол түрік инвесторларымен кездесіп, жобалар туралы талқылағанын, әкімнің қатысуымен коллегия өткенін айтқан.

«Шынымды айтсам, есеңгіреп қалдым. «БАҚ туралы» заңды пайдаланып, сіздер осыны жоққа шығарсаңыздар деймін, біреулер мен туралы жазыпты. Сіздер мені көріп тұрсыздар, жұмысымда отырмын. Басқа бірдеме болды деген ойыма да кіріп шықпаған. Әкем қоңырау шалып не болып жатқанын сұрады. Мен жұмысымда отырғанымды айттым. Кеше мен түркиялық инвесторлармен кездесіп, жобаларды талқылап жаттық», — деді ол kaz.tengrinews.kz-ке.

Ал облыс әкімінің баспасөз қызметі болса БАҚ өкілдеріне әкімдіктің қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

«Облыс басшылары жұмыс орнында. Облыс әкімі қазір әкімдік ғимаратында емес, бірақ ол жұмыс бабымен Павлодарда», — деді Бақауовтың баспасөз хатшысы Ернар Сейтахмет.

Осылайша қазірге дейін облыс әкімінің ұсталуы туралы ешкім растаған жоқ. Алайда облыс әкімінің өзі әлі БАҚ-да көрінген жоқ, баспасөз қызметі ұсталғанын үзілді-кесілді жоққа да шығармады.

Сондай-ақ бүгін белгілі болғандай Болат Бақауовтың қатысуымен жоспарланған екі алқа отырысы өтпейтін болған.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі ресми Telegram-арнасында туризм және спортты дамыту жөніндегі басқарма, сондай-ақ қоғамдық даму және ақпарат басқармасы мен мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағаттар басқармасының алқа мәжілісі өтпейтіні туралы хабарлама тартақан. Бұл да әлеуметтік желі мен мессенджерлердегі сыбысқа арқау болып тұр.