Павлодарда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 122 салымшысы пәтер алды

құрылыс

Алматы. 5 шілде. 7kun.kz – Павлодарда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 122 салымшысы пәтер кілтін алды. Жаңа қоныс иелерін Павлодар облысы әкімі Болат Бақауов пен «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің Басқарма Төрағасы Айдар Әріпханов құттықтады.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына арналған екі 9 қабатты тұрғын үй кешені қала орталығындағы Генерал Дүйсенов көшесі бойында орналасқан. Үйдің 1 шаршы метрінің бағасы 165 000 теңгені құрайды.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қазақстандықтарға өз баспанасын сатып алу үшін ең тиімді несиені ұсынады. Жыл басынан бері банк 23 000-нан астам қазақстандық отбасының қоныс тойын атап өтуіне септігін тигізді. Олардың арасында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің «Өз үйім» жеке бағдарламасы аясында бүгін пәтер кілтін алған 122 отбасы да бар. Бағдарламаның ерекшелігі – тұрғын үйді нарықтағы бағадан төмен бағаға сатып алуға болады. Және оған қатысу үшін тек тұрғын үй бағасының 20%-ын құрайтын бастапқы жарнаны жинақтау жеткілікті. Несие жылдық 7%-бен беріліп, алдағы уақытта заем мөлшерлемесі 5%-ға дейін төмендейді»,- деп атап өтті Айдар Әріпханов.

 Жаңа баспана иелеріне арналған барлық пәтерлер таза әрлеу күйінде ұсынылды. Пәтерлер жайғасымы өте ыңғайлы, тартпалы төбе, әйнектелген кең лоджиялар мен сапалы сантехника бар. Жаңа үйлердің орналасқан жері мен бағасының тиімділігіне байланысты, бір пәтерге үміткерлер саны 5 салымшыдан 10 салымшыға дейін жетті. Тұрғын үйді сатып алушылар пулына ең ұзақ қаражат жинақтаған банк клиенттері енді. Олардың арасында Танат Ахметжанов та бар. Танат жұбайы екеуі 4 жыл ішінде үш бөлмелі пәтер бағасының жарты сомасын жинақтады. Ал қалған сомаға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жылдық 5%-бен тұрғын үй несиесін берді.

«Бұрын отбасыммен бірге туыстарымыздың үйінде тұрдық. Өз баспанамыз жайлы ойлай отырып, пәтер сатып алуға қатысты нақты жоспар құрдық. Біз сол жоспармызға сай әрекет етіп, міне, бүгін жаңа қоныс иесі атандық. Енді ұлдарымның өз бөлмелері болатын болды, ал жұбайым пәтердің ішін жайғастырып жатыр. Отағасы ретінде отбасымды баспанамен қамтамасыз еткеніме қуанамын. Біз несиені 7 жыл бойы өтейтін боламыз, ай сайынғы төлем шамамен 70 мың теңгені құрамақ», — деп өтті Танат Ахметжанов.

Павлодар облысында жыл басынан бері Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 1 355 салымшысы өз баспанасына қол жеткізсе, ал тағы 7 000 аймақ тұрғыны осы жылы шот ашып, алдағы уақытта қоныс тойын атап өтпек.