Президент Арыс тұрғындарына көмек көрсетуге бір күндік жалақысын аударды

Тоқаев
Фото: informburo.kz

Алматы. 25 маусым. 7kun.kz — Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бір күндік жалақысын Арыс қаласының зардап шеккен тұрғындарына көмек көрсету қорына аударды, деп хабарлайды Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли.

«Арыстағы төтенше жағдай барлық қазақстандықтарды біріктірді. Ешкім де қайғыдан тыс қалған жоқ. Президент Әкімшілігінің қызметкерлері оның бастамасын қолдады», — деп жазды ол Facebook-те.

Сондай-ақ төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге бір күндік жалақысын Сенат депутаттары мен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты аппаратының, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің, Қорғаныс министрлігінің, Мәдениет және спорт министрлігінің, Ұлттық экономика министрлігінің, Сыртқы істер министрлігінің және білім беру ұйымдарының қызметкерлері, Премьер-министр Кеңсесінің қызметкерлері мен ҚР ҰҚК шекара қызметінің әскери қызметшілері аударды. Мемлекеттік қызметкерлер мен бизнесмендер де көмек көрсетеді. Сондай-ақ, 1300 алматылық өрт сөндіруші мен құтқарушылар тарапынан 3 млн теңгеден астам қаржы аударылды.

Айта кетейік, қаражат «Түркістан» әлеуметтік даму корпоративтік қорының атына жіберілді.