Астана. 12 сәуір. 7kun.kz - Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың соңына дейін латын әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдауды жүктеді. Бұл туралы inform.kz хабарлады.
Ал 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуді тапсырды.
«Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. Қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатынын білесіздер», - деп жазды Назарбаев «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан мақаласында.
«Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» стратегиясында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін мәлімдедім. Бұл - сол кезден бастап барлық салаларда біз латын қарпіне көшеміз деген сөз. Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауымыз керек. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек. Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес», - деп атап өтті Президент.
Сонымен қатар, алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілетінін айтты. Ал жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде уақытша кириллица да қатар қолданылады деді.