Президент: қаңтар оқиғасында қаза болғандардың тізімі жарияланады

Фото: Akorda.kz

Нұр-Сұлтан. 5 маусым. 7kun.kz — Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болғандардың тізімі жарияланады. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев референдумда дауыс бергеннен кейін айтты, деп хабарлайды 7kun.kz. 

«Қаза болғандардың тізіміне қатысты айтсам, ол жарияланады, көпшілікке мәлім болады. Бұған дейін айтқанымдай, ол тізімде, лаңкестік топтың деп айтсақ болатын шығар, сол тараптың жағында жүріп қаза болғандар өте көп. Олар өз әрекеттері арқылы мемлекеттік құрылымымызды ыдыратқысы келді», — деді Президент.

Мемлекет басшысы тергеу соңына қарай бәрі айқындалатынын айтты.

«Бірақ мемлекетімізге табан астынан қарсы шыққан топтарға қатысы болмаған адамдар да бар. Осыған байланысты, әрине, біз қайғырып, көңіл айтамыз. Азаматтарға қарсы ақтауға келмейтін әрекеттерге барған әскери қызметшілердің бәрі жауапкершілікке тартылатыны түсінікті. Тергеу жүріп жатыр, баллистикалық сараптамалар өтіп жатыр. Сондықтан бәрі айқындалады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.