Қамаудағы вайнердің жары президентке үндеу жолдады

Алматы. 25 сәуір. 7kun.kz – Mudarabah Capital ісі бойынша қамаудағы Мейіржан Төребаевтың жары Дана Есеева президентке видеоүндеу жасады, деп хабарлайды 7kun.kz.

Дана Есеева Қаржы пирамидасына қатысты істің әділ тергелуін Қасым-Жомарт Тоқаевтан сұрайды. Оның айтуынша, қылмыстық істе бұрмалау бар. Күйеуі Мейіржан Төребаевтың 10 күнге қамалғанына да наразы.

«Әділ тергеу болу үшін бес баланың анасы және Мейіржанның жары ретінде мен де өз-өзімді өртейін бе?», дейді Дана Есеева.

Ал вайнерді қолдаған бір топ азамат Алматы қалалық сотының алдына жиналып Төребаевтың бостандығын талап етті. Өздерінің айтуынша, олар қаржы пирамидасынан зардап шеккен салымшылар. Тергеу әділ өтсін деген топ Mudarabah Capital ұйымының қаржы пирамидасы екені бұрыннан белгісі болса да заң орындары әрекет етпеген дейді.