Қаржы министрі жалдамалы үй нарығындағы жағдайға қатысты пікір білдірді

Астана. 27 қыркүйек. 7kun.kz – Премьер-министрдің орынбасары — қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев елдегі жалдамалы тұрғын үй нарығындағы болып жатқан жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды 7kun.kz.

Министр тұрғын үй иелері шағын бизнес секторына жататынын және ол мораторий тексерістерінен қорғалатынын атап өтті.

 «Бәрін нарық реттейді дегендей. Сондай-ақ шағын бизнесті тексеруге мораторий бар. Біз біреудің үйіне баса көктеп кіріп, тексере алмаймыз. Адамдар бұл жалға алушы емес, менің туысым деп айта салуы да мүмкін», –деді ол.

Оның айтуынша, келісімшарт заңда көрсетілген талаптарға сай жасалса, жалға берушілер жалға алынған тұрғын үйден тұрғындарды шығара алмайды.

«Адамдар пәтерді жалға алғанда келісімшарт жасауы керек. Сол кезде ғана өз құқығын қорғай алады. Әйтпесе пәтер ақысын көтеріп жатқан да біздің елдің азаматтары. Бағаны реттей алмаймыз», – деді ол.