Қазақстан интернетті өшіргеннен 410,3 млн доллар жоғалтқан

Алматы. 25 қаңтар. 7kun.kz – 2022 жылы Қазақстан интернетті өшіргеннен 410,3 млн доллар жоғалтып, әлемдегі антилидерлердің үштігіне енді, деп хабарлайдs 7kun.kz ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Top10VPN сарапшыларының мәліметінше, әлем бойынша былтыр 23 ел интернетті өшіруден зардап шеккен.

Рейтингте Ресей көш бастап тұр. Көрші ел интернетті әдейі сөндіргеннен 21,59 млрд доллар жоғалтты. Екінші орын Иранға тиесілі (773 млн доллар). Үшінші орында Қазақстан (410,3 млн доллар).

Тізімге Қырғызстаннан басқа Орталық Азияның барлық елі кірген.

Былтыр Қазақстандағы интернет байланысы қаңтардағы наразылықтарға байланысты өшіріліп, 144 сағат интернет болмаған. Республиканың 16 млн-ға жуық тұрғыны интернеттің болмауынан зардап шекті.

Өзбекстан да айтарлықтай экономикалық шығынға ұшырап (219,7 миллион доллар), елде жалпы 5630 сағат интернет болмады. Сарапшылардың айтуынша, жазда Қарақалпақстандағы тәртіпсіздіктерге байланысты интернет өшірілген.

Рейтингте 10-орынды иеленген Түркменстанда 40 сағат интернет болмаған. Бұл ел экономикасына 29 млн доллар көлемінде залал келтірді.

Орталық Азия елдері арасында Тәжікстан ең аз шығынға ұшырады (2,1 млн доллар). Онда бір жылда интернет 936 сағатқа өшірілді.