Қазақстан Қытайдан 100 млрд теңгеге несие алады

108
несие
Фото: ru.sputniknews.kz

Алматы. 6 наурыз. 7kun.kz – Қытайдың экспорттық-импорттық банкі республикаға жеңілдетілген несие береді. Несие Қазақстанда тоғыз автокөлік және бір теміржол өткізу пунктін жаңғырту және техникалық жабдықтауға пайдаланылады. Бұл туралы Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді.

Заң жобасын ратификациялау туралы келісімді пленарлық мәжілісте қарастырды.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары — Қаржы министрі келісімге Қазақстан мен ҚХР басшылары 2018 жылдың маусым айында қол қойғанын еске салды.

«Келісім аясында Қытайдың экспорттық-импорттық банкі Қазақстан Үкіметіне Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасының қазақстандық учаскесінде, яғни Қытаймен және Өзбекстанмен шекарада орналасқан қазақстандық өткізу пункттерін жаңғырту және техникалық қайта жабдықтау үшін 2,062 млрд Қытай юанынан артық емес жеңілдетілген несие береді», — Әлихан Смайылов.

Ұлттық валютаға есептегенде Қазақстан Қытайдан 20 жыл мерзімге 2%-бен 100 млрд теңге шамасындағы қарыз алады.

Қаржы министрі несие ЕАЭО сыртқы шекарасының қазақстандық учаскесінде өткізу пункттерінің кедендік инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Бүгінде Қазақстан-өзбек шекарасында Қазақстан тарапынан өткізу бекеттерінің алдында тәулігіне 70-тен 300-ге дейінгі автокөлік құралдарының жиналғаны байқалады, тасымалдаушылар үш тәулікке дейін кезекте тұруда» , — деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Жобаны жүзеге асыру 2019 жылдың соңында басталып, 2022 жылы аяқталады деп жоспарланған.

«Сонымен қатар, қарыз сомасының 70%-ы өткізу пункттерін техникалық жабдықтау үшін Қытай жабдықтарын сатып алуға жұмсалады», — деп нақтылады Әлихан Смайылов.

Жабдықты қытайлық Nuctech компаниясы жеткізеді.

«Кеден саласындағы олардың жабдықтарының сапасы америкалық және еуропалық баламалардан кем емес, бағасы арзан», — деді министр.

Сонымен қатар, жабдықты орнату мен техникалық қолдауды бойынша шығындарды Қытай жағы өзіне алады.

Қаржы министрі келесі аптада Қытайға барып, қорытынды сұрақтарды талқылауды жоспарлап отырғанын айтты.

«Сәуір айында бұл қарыз туралы келісімге қол қоюды жоспарлап отырмыз», — деді Смайылов.

Пленарлық мәжілісте Смайылов Қазақстанның Қытайға мемлекеттік қарызы жоқ екенін хабарлады. Тек кепілдік қарыз бар, ол шамамен — 1,2 млрд доллар.

«Бұл Қытай Эксимбанкі мен Қытайдың мемлекеттік даму банкінен автожол жобаларын жүзеге асыру үшін бұрын мемлекеттік кепілдікке тартылған несиелерге байланысты», – деп нақтылады Қаржы министрі.

Айта кетейік, мәжіліс депутаттары «Қазақстан Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы жеңілдікті несие беру туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасын мақұлдады.