Қазақстан Ресейден 700 мың тонна ластанған мұнайдың өтемақысын күтеді

өтемақы
Фото: hi-news.ru

Алматы. 3 шілде. 7kun.kz — Қазақстандық жер қойнауын пайдаланушылар ресейлік «Транснефть» компаниясынан «Дружба» құбырындағы хлорорганикалық ластанған 700 мың тонна мұнай үшін өтемақы күтуде. Бұл туралы Қазақстан энергетика вице-министрі Әсет Мағауов хабарлады.

Мағауовтың айтуынша, тараптар әлі күнге дейін өтемақы схемасын талқылап жатыр. Сондай-ақ, келісімге қатысушылар үшін ең аз тәуекелді нұсқаны жасайды.

Вице-министр ресейлік компанияның түпкілікті қалыптасқан ұсыныстары мен барлық тараптардың келісімдерін күтудің дұрыс екендігін айтып, өтемақы мөлшеріне қатысты түсініктеме бермеді.

Айта кетейік, өткен аптада қазақстандық ҚазТрансОйл мұнай құбыры операторының баспасөз қызметі кондицияланбаған мұнай шығындарын өтеу мәселесінде ресейлік монополистпен уағдаластыққа қол жеткізгенін хабарлады.

Бұған дейін хабарланғандай, РФ Қазақстанға ластанған мұнай үшін 15 доллар көлемінде өтемақы төлеуі мүмкін (жалпы сомасы шамамен 76 млн долларды құрайды).