Қазақстан үкіметі жеңілдікпен автонесиелеуге 8 млрд теңге бөледі

жеңілдікпен
Фото: lma.news

Алматы. 8 мамыр. 7kun.kz – ҚР Үкіметі жеңілдікпен автонесиелеуге 8 млрд теңге және лизингке көліктер мен арнайы қолданыстағы көлік техникасын алатын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге 2 млрд теңге бөлу туралы мемлекеттік бағдарламасын қаржыландыруға шешім қабылдады, — деп хабарлайды ҚР ИИДМ баспасөз қызметі.

«Қазіргі уақытта аталған қаржы құралдары тұтынушылар үшін қолжетімді болып отыр», – делінген министрліктің хабарламасында.

Жеңілдетілген автонесие арқылы тек отандық көліктерді ғана сатып алуға болады. Несие жеке тұлғаларға 4 пайыздық мөлшерлемемен, 7 жылға дейінгі мерзімге, теңгемен беріледі. Сатып алатын автокөліктің құны 15 млн теңгеден аспауға тиіс.

Бағдарлама қолға алынған кезден, яғни 2015 жылдан осы жылдың 25 сәуірі аралығында Қазақстанның даму банкі арқылы 61,01 млрд теңгеге 14 171 өтінім келісілген. Оның ішінде 6 екінші деңгейлі банк 58,46 млрд теңгеге 13 599 несие берген.

Еске сала кетейік, Қазақстанның даму банкі бағдарлама операторы болып табылады.

Бағдарламаның шарттарына сәйкес лизинг бойынша отандық өндірістің кез-келген коммерциялық техникасын  заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер алу мүмкіндігіне ие болады. Бағдарлама шарттары:

  • Лизинг мерзімі  – 37 айдан бастап,
  • Номиналдық пайыздық ставкасы жылына 4%дан аспайды,
  • Алғашқы жарнасы – 30%,
  • Қарыз валютасы – теңге,
  • Негізгі қарызды төлеу бойынша 6 ай ішінде жеңілдік мерзімі бар.

Қосымша шығындар (сақтандыру, сервистік және агенттік қызмет көрсету) лизинг алушының есебінен төленеді.

2019 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша КОБ субъектілері үшін 10,19 млрд. теңгеден астам сомаға отандық автоөндірушілер техникасының 810 бірлігін сатып алу қаржыландырылған.