Қазақстанда автокөлік өндірісі екі есеге артты

автокөлік
Фото: lenta.ru

Алматы. 18 қыркүйек. 7kun.kz – 2019 жылғы қаңтар-тамызда қазақстандық автоөндірушілер 28 611 бірлік техника шығарды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 46%-ға жоғары, деп хабарлайды Қазақстан автомобиль бизнесі қауымдастығы.

Барлығы 197 850 млн теңге сомасына көлік шығарылды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 68%-ға артық.

«Машина жасау елдің индустриялық-инновациялық дамуының басым саласы болып қала береді, сонымен қатар сала құрылымындағы автокөлік жасау үлесі жылдан жылға артып келеді және бүгінгі күні 26%-дан асады. Өндіріс көлемі бір жарым есе өсті, өсу қарқыны жыл соңына қарай кемінде 40 мың автокөлік шығаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ағымдағы жылы, біздің болжамымыз бойынша, еліміздің автокөлік нарығы 78 мың бірлік жеңіл және коммерциялық техникаға дейін өседі», – деп мәлімдеді Қазақстанның машина жасаушыларының VII форумында (ҚАБҚ) вице-президенті Анар Мақашева.

ҚАБҚ мәліметтері бойынша, 2019 жылы Қазақстанда 25 586 жеңіл автокөлік (+40,5%), 1 658 жүк көлігі (+142,4%), 3,6 есе көп автобус – 780 бірлік, 540 тіркеме мен жартылай тіркеме (+90,8%) және 47 бірлік өзге де мамандандырылған техника шығарылды. Жергілікті өндірістің автокөліктері сегіз ай ішінде барлық сатылымдардың 60% белгісіне жақындады, бұл 26 мыңнан астам бірлікті құрайды.