Қазақстанда азық-түлік бағасы тағы қымбаттауы мүмкін

Фото: doisongphapluat.com

Алматы. 23 сәуір. 7kun.kz — Индонезия үкіметі 28 сәуірден бастап пальма майы мен оның шикізатын шетке шығаруға тыйым салады. Бұл туралы ел президенті Джоко Видодо мәлімдеді, деп хабарлады 7kun.kz.

Видодоның сөзінше, бұл шешімді «ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыру үшін қабылдаған». Соңғы бір айда Индонезияда пальма майының бағасы екі есеге қымбаттаған. Пальма майының экспортына салынатын тыйым Қазақстан мен Ресейдің тағам өнеркәсібіне зиян келтіреді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Ресейде пальма майының импорты 2020 жылмен салыстырғанда 7,2%-ға өскен. Ресей жылына $1 млрд-тан астам сомаға 1 млн тонна пальма майын сатып алады. Қазақстан 2018 жылғы дерек бойынша 46 мың тоннадан астам пальма майын импорттаған.

пальмо майы
фото: Shutterstock.com

Пальма майын азық-түлік саласындағы кәсіпорындар кең пайдаланады. Оны кондитерлік өнімдерге, консервілер дайындауға, жартылай шикізат тамақ түрін дайындауға қолданады. Мұның себебі пальма майы тағам өнеркәсібінде қолданылатын ең арзан майдың қатарына жатады. Елдегі инфляция өскен, ал халықтың әл-ауқаты нашарлаған сайын пальма майы қосылған тағам түрі көбейе береді.

Еуроодаққа мүше елдер пальма майында қатерлі ісік ауруын тудыратын канцерогендер бар деп санап, оны импорттауға шектеу қойған. Сондықтан Индонезияның пальма майын экспорттауға тыйым салуы бірінші кезекте Қазақстан, Ресей секілді елдердің экономикасына, тағам өнеркәсібіне зиян келтіруі, ішкі нарықтағы азық-түлік бағасын өсіруі мүмкін.