Қазақстанда электронды сауда қарқынды дамуда

1021
pesdcmandya.org

Қазақстанда соңғы жылдары электронды сауда қарқын ала бастады. Бұған себеп — онлайн тұтынушылардың көбеюі мен сатып алу, жеткізудің жеңілдеуі. Қазақстанда 2018-2020 жылдар аралығында электронды сауданы дамытудың жол картасы қабылданған. Оның аясында электронды сауданы барынша дамытудың шаралары қарастырылып, жүзеге асуда. Тіпті кей тұста межеден асып кеткені байқалады.

2018 жылдың қорытындысы бойынша  онлайн сауда нарығының көлемі 2 есе өскен. Табысы шамамен 260 млрд теңгеден асады. 1700 интернет дүкен жұмыс істейді. Сатып алушылар көлемі 2 млн-нан асқан. 2023 жылға дейін бұл көрсеткішті мемлекет 64% арттырып, көлемін 134,5 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр. Бұл көрсеткіштің орындаларына сенім мол. 2018-2020 жылдар аралығында электронды сауданы дамытудың жол картасын қабылдау алдында мемлекет электронды сауда нарығында 200 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күткен. Алайда жобаның алғашқы 5 айында 40 мың жұмыс орны ашылып, көрсеткіш межеден асып түсті. Бүгінде бірнеше банк санаулы минуттарда онлайн төлем, аудару қызметін енгізді. 2018 жылдың қаңтарынан бері интернет кәсіпкерлер үшін салықтық каникулдар бар. 2023 жылға дейін жеке табыс салығы мен корпоративтік табыс салығы 100% жеңілдетілген.

Жол картасында 5 бағытта 28  іс-шараны жүзеге асыру қарастырылған. Байқасақ мұның көпшілігі орындалған сыңайлы.  Енді бағдарлама жаңартылып немесе жаңа бағыттар қосылып, 2020 жылға дейін жоспарланған жол картасы ары жалғасын табуы керек. Өйткені әлемдік көшке ілесу маңызды. Оған төмендегі трендтердің пайда болғаны дәлел.

Қолма-қол емес транзакциялардың бірден өсуі

Соңғы 2 жылдаҚазақстанда шығарылған төлем карталары арқылы қолма-қол емес төлембірқатар көрсеткіш бойынша айтарлықтай өзгерді. Карталар арқылы қолма-қол емес төлем бірден өсті. 2017 жылдың қаңтарында,  122,5 млрд теңге болса желтоқсанда 367 млрд теңге.  Интернет арқылы төлем жасау 2018 жылы екі есеге өсті. 173 млн транзакция жасалған.

Банктер ритейлге бет бұрды

Қазір Қазақстандағы e-commerce нарығынан банктерді көруге таңқалмайтын болдық. Бұл нарыққа ең бірінші болып кірген Kaspi Bank – Kaspi.kz, Халық банк – HomeShop, ForteBank — ForteMarket нарыққа серпіліс бергені анық. Өйткені банктер онлайн бөліп төлеу, кредитке алу қызметтерін ұсынып, нарықты жандандыра түсті.

Нарықтың бірігуі

Онлайн қызметтердің дамуы нарықтарды жақындастыра түсті. Қазір банктер, телекоммуникация, e-commerce, ритейлдің арасында өзара байланыс пайда болғанын байқау қиын емес.

Офлайннан – онлайнға

2018 жылы Қазақстандағы электронды коммерция 20-25% өскен. Нарықтың болжамды көлемі бұған дейін 800 млн $ -1 млрд $ деңгейінде болған. 2019 жылғы болжам бойынша нарықтағы айналым 1,2 млрд доллардан асады. Бұған «Технодом», Sulpak  сынды ірі дүкендердің онлайнға барынша бет бұруы себеп болады.

Жаңа форматтардың пайда болуы

Қазір онлайн нарық ойыншылары бұрыннан қалыптасып қалған стереотиптерді бұзып, жаңа форматтар қалыптастыруда. Мысалы: банктер  онлайн қызметтер ұсынатын әмбебап компанияға айналып, қаржылық қызметтерді көп қызметінің бірі ретінде көрсете бастады және бұл бағыттағы қызметінің көпшілігі онлайнға көшті.

Әрине, цифрлық технологиялар  адамдарға ұнайды. Бірақ, офлайн сауданың үлесі  әлі де басым. Алайда онлайн коммерция нарығы қарқынды түрде дамып келеді және ол біз күткендегіден де жоғары болуы мүмкін. Мемлекеттің кешенді шаралары, әлемдік трендтер соған жеткізеді.