Қазақстанда көпбалалы отбасыларға пәтер беру басталды

76
пәтер
Фото: miid.gov.kz

Алматы. 2 мамыр. 7kun.kz — 2019 жылғы 30 сәуірде көп балалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында ҚР Парламенті тұрғын үй қатынастары мәселелері жөніндегі заңды қабылдады.  Аталған заңды іске асырудың алғашқы күні елордада және еліміздің өңірлерінде 249 отбасы баспаналы болды, деп хабарлады ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, мамыр айында жалпы елімізде 2019 жылға жоспарланған 6 мың көп балалы отбасының 1,2 мыңын баспанамен қамтамасыз ету көзделген.

Қазіргі таңда алғашқы 24 пәтер Нұр-Сұлтан қаласында, 15-і Шымкент қаласында берілген. Павлодар облысының көп балалы отбасыларына — 76, Қарағанды облысында — 27, Ақтөбе облысында — 25, Алматы облысында — 20, Маңғыстау облысында — 18, Жамбыл облысында — 17, Шығыс Қазақстан облысында — 11, Батыс Қазақстан облысында — 10, Ақмола облысында — 6 пәтер берілді.

Жоспарға сәйкес, 15 мамыр күні Атырау облысындағы 50 көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

Жергілікті атқарушы органдардың берген мәліметіне сәйкес, 32 мың көп балалы отбасы баспана алуға кезекте тұр.