Қазақстанда пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі азайды

24
пайдалануға
Фото: oknews.kz

Алматы. 13 тамыз. 7kun.kz — 2019 жылдың қаңтар-шілде айының қорытындысы бойынша республикада пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 3,7 пайызға төмендеді, деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр.

«Тұрғын үй құрылысы бойынша 7 айдың қорытындысында 6,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үйді іске қосу пайызы жылдық жоспарға 50%-ды құрады. Республика бойынша барлығы 55 849 тұрғын үй (оның ішінде 24 013 жеке үй) тапсырылды», – деді ол Үкімет отырысында.

Тұрғын үйді іске қосу көлемінің өсуі өткен жылмен салыстырғанда жеті өңірде жалғасты. Тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша көшбасшы Түркістан (өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 130,9%), Қызылорда (128,7%), Қостанай (118,6%) облыстары болды. Тұрғын үйді іске қосу қарқынының төмендеуі Маңғыстау облысында (87,7%) және Нұр-Сұлтанда (64,1%) байқалады.

Министрдің пікірінше, жылдық жоспарға қол жеткізу бойынша қабылданған міндеттемелерді орындау үшін (өткен жылмен салыстырғанда тапсырылған тұрғын үйді 5%-ға арттыру), аталған әкімдіктер өз жұмысын жандандыруы қажет.

Жалпы құрылыс бойынша нақты көлем индексі 2019 жылдың қаңтар-шілде айларында 111,5%-ды құрады. Оң динамика сегіз өңірде байқалады. Көшбасшы Қызылорда (275,5%), Қарағанды (193,6%), Атырау (129%) болды. Айта кету керек, қазіргі таңда Қызылорда – Жезқазған –Теміртау – Нұр-Сұлтан газ құбыры салынып жатыр.

Көрсеткіштің төмендеуі үш өңірде тіркелді: Маңғыстау (-30,4%) облысында және Нұр-Сұлтан (-12,5%) және Шымкент (-34,4%) қалаларында.