Қазақстанда қарашада 3 мыңнан астам көлік шығарылған

шығарылған
Фото: lada.kz

Алматы. 28 желтоқсан. 7kun.kz – 2018 жылдың қарашасында елімізде барлық типтегі 3123 көлік құралы шығарылған. Өткен аймен салыстырғанда 0,7% артық. Бұл туралы Қазақстан автобизнес қауымдастығы хабарлады.

2018 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қазақстанда 185,090 млрд теңгенің 29209 дана техникасы (оның ішінде вагондар, ауыр жүк көліктері, автобустар, арнаулы техника, тіркемелер және жартылай тіркемелер) құрастырылып шығарылған. Яғни, осы жылдың 11 айындағы көлік өндірісі 2017 жылдың 12 айының көрсеткішінен 72% артық болып отыр.

«Қазақстанда жыл басынан бері 11 айдың ішінде 27 273 жеңіл көлік (+87%), 982 жүк көлігі (-27%), 277 автобус (-55%), 188 басқа да мамандандырылған көлік (-17%) және 489 тіркеме және жартылай тіркеме (+108%) өндірілді. Осы жылдың қаңтар-қарашасында Қостанайдың «Сарыарқа АвтоПромы» біршама өсім қарқынына қол жеткізді. Аталмыш зауытта өткен жылы 4 611 көлік шығарылса, биылғы жылдың 11 айында 10 704 бірлік көлік өндірілген. Яғни, қостанайлық компания бір жылдың ішінде +132 пайыздық өсіммен жылды табысты аяқтауда», — делінген ҚАБҚ хабарламасында.

Алдын ала деректер бойынша Өскемендегі «Азия Авто» алаңында 11 айда 16 776 автокөлік құрастырылған. Бұл екі зауытқа отандық көлік сатылым үлесінің 95% тиесілі. Сондай-ақ, Көкшетауда «КАМАЗ Инжиниринг» компаниясы 470 жүк көлігі мен арнайы техника шығарса, Алматыдағы «Hyundai Trans Auto» 204 дана техника жөнелткен. Семейдегі «СемАЗ» бен «Daewoo Bus» кәсіпорындары 319 және 147 дана көлікпен жылды жауып отыр.

ҚАБҚ-ның болжамына сенсек, көлік өндірісі бойынша 2018 жылғы көрсеткіш дағдарысқа дейінгі көрсеткішке жақындап тұр. Осы жылы «Қазақстанда жасалған» көліктерге деген сұраныс 38%-дан 48,4-ға дейін өскен. ҚАБҚ хабарламасына сай, қараша айында Қазақстандағы отандық автокөліктердің нарықтағы үлесі алғаш рет 55 пайыздық көрсеткіштен асып, тарихи максимумды көрсетуде.