Қазақстанда тауарлар бағасы жалақыға қарағанда тез өседі

30
тауарлар
Фото: metagazeta.ru

Алматы. 29 қараша. 7kun.kz — Соңғы төрт жылда Қазақстанда тауарлар жалақы өсімінен 3-4 есе жылдам қымбаттады. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев мәлімдеді.

Мәжіліс депутаттарының Ұлттық палата басшылығымен кездесуі барысында төралқа басшысы соңғы төрт жылда азық – түлік тауарларының бағасы 37%-ға, азық-түлік емес тауарлардың бағасы 42%-ға өскенін атап өтті. Бұл ретте халықтың нақты табысы тек 11%-ға артқан.

«Халық алғашқы қажеттіліктер үшін табыстың жетіспеушілігін тұтынушылық кредиттер арқылы шешуге мәжбүр. Азаматтарды несиелендіру көлемі 22%-ға немесе 6,2 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл процесте үлкен қауіп бар. Мұндай несиелердің жартысынан көбі кепілсіз берілген», — деді Құлыбаев.

Ол Үкімет мұғалімдер мен денсаулық сақтау қызметкерлерінің жалақысын арттыру бойынша шаралар қолданғанын атап өтті. Бұл ретте, Құлыбаевтың пікірінше, табысты тиімді арттыру үшін еңбекақы төлеу қорына үш жыл ішінде қосымша 2,9 трлн теңге бағыттау қажет.

«Саны 1,6 млн адамнан асатын бюджетшілердің мәртебесін арттыру үшін еңбекақыны күрт арттыру қажет. Бюджетшілердің еңбегіне ақы төлеу қоры 2,2 трлн теңге сомасында бағаланғанын ескере отырып, жоғарыда көрсетілген ұлғайту үшін мемлекеттік бюджеттің үш жылғы қосымша шығыстарына 2,9 трлн теңге немесе жыл сайын орташа 1 трлн теңге қажет. Сонымен қатар, біз азаматтардың кірістерінің өсуін бюджеттік шығыстар есебінен ғана қамтамасыз ету мүмкін еместігін түсінеміз. Еңбекке қабілетті халықтың 80%-ға жуығы мемлекеттік емес секторда жұмыс істейді. Сондықтан нақты секторды дамыту мәселелеріне назар аудару керек. Бұл жерде екі негізгі аспект бар: қаржыға қол жеткізу және өткізу», – деп түйіндеді ол.